Ақтөбеде мүгедектерге арналған көтергіш платформа орнатылды

23 Қаңтар 2019, 10:24
1964
Бөлісу:
Ақтөбеде мүгедектерге арналған көтергіш платформа орнатылды

Астана, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласындағы «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы ғимаратының алдында мүгедектерге арналған көтергіш платформа орнатылды. Платформаны қондыру жұмыстарымен жас кәсіпкер Шахан Жолдасбаев басшылық ететін «Пандус-ОК» ЖШС айналысқан. 

Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне мүмкіндігі шектеулі азаматтардан «Дару жарығы» офтальмология орталығында пандустың қарастырылмағандығы туралы арыз түскен. Аталған департамент «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы аясында облыстық денсаулық сақтау басқарамасымен бірлесе отырып бұл мәселенің шешілуіне ықпал етті.

«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы бойынша жыл басынан бастап жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта мүгедек жандарға, арбамен қозғалатын азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру үшін барлық медициналық орталықтар тексерілетін болады», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Самғат Ешниязов.

Мүмкіндігі шектеулі азамат Мұсағали Дауылбаев өзі секілді мүгедек жандар кейбір қажет деген әлеуметтік ғимараттарға емін-еркін кіріп-шыға алмайтындығын айтып, әлеуметтік желі арқылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне өтініш хат жолдаған.

«Денсаулығыма байланысты «Дару жарығы» орталығына жиі келемін. Бүгін менің өтінішім қолдау тапқанына қуаныштымын. Мүмкіндігінше ғимараттар салынғанда, мүгедек азаматтарға пандус орнату жұмыстары қарастырылса екен деймін», - дейді ол.

Шара қорытындысы бойынша «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасы аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына пандустарды орнату мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.

Өзгелердің жаңалығы