Бас жаңалықтар
Ақтөбе облысында 100 адам қалта ұрысы ретінде есепте тұр
19 Шілде 2019, 03:34 171

Ақтөбе облысында 100 адам қалта ұрысы ретінде есепте тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбелік полицейлер қалта ұрлығының алдын алу мақсатында жолаушылар автобустары мен аялдамаларға «Қалта ұрысынан сақтаныңыз» деген ескерту плакаттарын жапсырды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қалта ұрылары көбінесе таңертеңгі сағат 7.30 бен 9 және кешкі 17 мен 19 сағат аралығында жолаушылар көп жүретін қарбалас сәтте ұрлық істейді. Көбінесе әйелдер мен қыздар ақшалары мен ұялы телефондарын, бағалы заттарын қолды етеді.

«Полицейлер құжаттар мен әмияндарыңызды полиэтилен пакетке және артқы қалталарыңызға салып жүрмеңіздер, сонымен қатар жолаушыларға тым тақау тұруға ұмтылған адамдарға назар аударыңыздар.көбінесе жолаушылар қалта ұрлығы болып жатқанда үрейленіп, көрсе де айтпай тұрады.Ондай кезде қорықпай азаматтық белсенділік танытыңыздар деп ескертеді»,-делінген хабарламада.

Биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласы аумағында 358 қалта ұрлығы тіркеліп, оның ішінде 45 тұлға ұсталды. 59 қылмыстық іс дәлелденіп, бірнеше мәрте ұрлық жасағандар да анықталды.

Қалта ұрлығына қарсы күресті күшейту мен оның алдын алу мақсатында «Автопарк» серіктестігі мен «Троллейбус паркі» мекемесінің

қызметкерлерімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. «Абайлаңыз, қалта ұрылары» деген буклеттер жасалып, қалта ұрылары ретінде ішкі істер органдарында есепте тұрған 78 тұлғаның фотосуретімен көрнекі плакаттар ілінді.

«Ақтөбе облысы полиция департаментінің арнайы есебінде қалта ұрылары санатында 100 адам тұр, биыл тағы қосымша 20 адам есепке алынды»,-делінген хабарламада.

 

 


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық