АҚШ-та алғашқы қазақтілді радио ашылды

23 Қыркүйек 2020, 10:55
2087
Бөлісу:
АҚШ-та алғашқы қазақтілді радио ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Freedom FM» радиотолқынына қазақстандық контент енгізіп жатқан Данияр Қожан Ұлттық арнаға берген сұхбатында мәлімдеді.

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында үш жылдан бері тұрып жатқан ол америкалық ірі «Freedom FM» радиотолқынына қазақтілді бағдарлама қазан айынан бастап эфирге шығатынын айтты.

«Freedom FM» - ірі радиотолқын. Мен сол толқынның екі сағатын қазақтілді бағдарламаға арнауға ниеттеніп отырмын. Бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде болады. Бұл - басшылардың талабы. Бірақ қазақтілді әндер ғана эфирге жіберіледі. Жаңалықтарда жалпы Қазақ елі туралы, Америкада жүрген қазақ азаматтары жайлы болмақ. Мысалы, өздеріңізге белгілі Димаш Ниязов жақында «Жыл полицейі» атанды. Сол сияқты шетелде жүріп, жетістікке жеткен, қазақтың атын шығарып жүрген азаматтармен сұхбат ұйымдастырылады. Димаштың бұл бағдарламада жеке айдары бар, ол онда Нью-Йорктің апталық қорытындысын қазақ және орыс тілдерінде хабарлап тұрады. Сол сияқты АҚШ-тың түкпір-түкпіріндегі қазақ азаматтармен аудиокөпір ұйымдастырып тұрамын, - дейді ол.

Данияр Қожанның айтуынша, «Freedom FM» толқынындағы бағдарлама әзірге аптасына бір рет, әр жұма сайын шығып тұрады. Ол хабардың тағдыры оны халықтың қалай қабылдауына байланысты екенін айтады.

Бір ғана Нью-Йоркте 20 000 қазақстандық бар. Ал АҚШ-тың әр бұрышында жүрген отандастарымыз көп. Менің әуелгі мақсатым солардың басын біріктіру еді. Тым құрыса, осы радиотолқында басымыз қосылса, керемет емес пе? Жоспар көп. Қазірдің өзінде Майами, Чикаго және Вашингтон қалаларында филиал ашуымызды сұрап жатқандар бар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы