Бас жаңалықтар
Қарағандыдағы төбелес ұлтаралық алауыздық сипатта болған жоқ - прокуратура
03 Қаңтар 2019, 08:51 770

Қарағандыдағы төбелес ұлтаралық алауыздық сипатта болған жоқ - прокуратура

Астана, baq.kz. Осы жылдың 1 қаңтарына қараған түні Қарағанды қаласындағы «Древний Рим» мейрамханасында жанжал туындап, соңы жаппай төбелеске ұласып кетті. Оқиға барысында бір адам қаза болып, тағы үшеуі түрлі деңгейде жарақаттар алған.


Тәртіп сақтау органдары Қылмыстық кодекстің-99 бабы (адам өлтіру) және 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық істер қозғады. 

Қазіргі сәтте тергеу жұмыстарының нәтижесінде қақтығысқа қатысқандардың қатарынан 3 адам ұсталып, 1 қатысушыға іздеу жарияланды.

"Бұған қоса, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде аталмыш жанжал туралы күмәнді ақпарат таратылуда, дәлірек айтар болсақ, екі адам қайтыс болып, жанжал ұлтаралық алауыздық негізінде пайда болды деп мәлімделуде. Қақтығыс екі топ арасында пайда болғаны және ол ұлтаралық алауыздық сипатында болмағаны туралы деректерге назар аударамыз, себебі екі топта да қазақ және басқа ұлт өкілдері болған. Азаматтарды үгіттеулер мен үндеулерге берілмей, тергеу органдары тарататын анық ақпаратты қадағалауларын өтінеміз. Заңнаманы бұзудың алдын алу мақсатында қасақана ұлттық алауыздық пен қастастықты өршітуге бағытталған әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174-бабымен қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ақпараттандырамыз", - деп хабарлады Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Осыған байланысты облыс прокуратурасы азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек қана қылмыстық қудалау органдарының ресми мәліметтеріне жүгінуге шақырады. 
Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарының толықтай ашықтығын қамтамасыз етеді, тергеу барысы туралы барлық ақпарат БАҚ-да және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. 
Тергеу барысы облыс прокурорының ерекше бақылауына алынды. 

 

Сізден жаңалық