Бас жаңалықтар
Қазақстан алған 9 вакцина ДДСҰ тексерісінен өткен
21 Мамыр 2020, 15:42 101

Қазақстан алған 9 вакцина ДДСҰ тексерісінен өткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында айтты.

"СҚ-Фармация" компаниясы 2009 жылы бірыңғай дистрибьютор ретінде пайда болған компания. Басты міндеті – тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында дәрі-дәрмек пен медициналық нысанды бұйымдарды сатып алып, елдегі медициналық мекемелерге уақытылы жеткізу және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін науқастарға қажетті препараттарды тегін жеткізу. Бүгінде 1 миллион 150 мың адам дәрі-дәрмекті тегін алып келеді. Оның ішінде 1 миллион 60 адам ТМККК аясында, 90 мыңға жуық адам (21 мыңы ересектер, 68 мыңы балалар) дәрі-дәрмекті тегін алып отыр. ДСМ жыл сайын дәрілер тізімін береді. 2020 жылы бізге 1400 дәрі және медициналық нысанды бұйымдар атауы берілді. Бұл тізім тек стационарлық көмек үшін пайдаланылатын препараттар мен медициналық нысанды бұйымдар және амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етілетін дәрілер тізімі болып бөлінеді. Мұның барлығын алдын ала сатып алып, арнайы қоймаларға жеткіземіз, - деді ол. 

Басқарма төрағасы дәрілік заттарды сатып алу географиясы өте кең екенін айтты. Көбінесе елімізге дәрілік заттар АҚШ, Еуропа мемлекеттері, Үндістан, Қытай елдерінен әкелінеді.

Берік Шәріптің айтуынша, бірыңғай дистрибьютор тізімі құрамында 20-ға жуық биологиялық препарат бар. Оның 9-ы вакцинация күнтізбесіндегі міндетті вакцинаға жатады.

Біз вакцинаны екі жол арқылы аламыз. Бірі – ЮНИСЕФ арқылы, екіншісі – өндірушілерден тікелей алу. Вакцина алудағы негізгі талапты Денсаулық сақтау министрлігі қояды. Бірінші кезекте, әрине, сапа. Тағы бір маңызды талап – қандай да бір вакцинаның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) біліктілігінен өткен-өтпегендігі. Егер ондай белгісі болса, демек, бұл - ДДСҰ тексерісінен өткен, географиялық қолданылу аясы кең, адам денсаулығына қауіпсіз екенін дәлелдеген вакцина. Осы орайда айта кететін бір мәселе, біз алып отырған 9 вакцина да ДДСҰ тексерінен өткен, халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Қазақстанға келетін вакциналардың сапасын жіті қадағалаймыз, - деді  ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...