9 мыңға жуық шетелдік елде болу мерзімін бұзған
18 Қазан 2021, 11:58 244

9 мыңға жуық шетелдік елде болу мерзімін бұзған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты.

ІІМ еңбек қатынастарында тиісті көші-қон бақылауын және азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандырды. 11 қазаннан бастап елімізде «Заңсыз Кордон» аймақтық операциясының екінші кезеңі өткізіліп жатыр. Полиция шетелдіктердің тұратын жерлерін, тұрғын үй секторларын, құрылыс нысандарын, базарларды, ұйымдар мен шетелдіктердің жалдамалы еңбегін заңсыз пайдаланатын жұмыс берушілерді және автокөліктерін тексерді, - деді ол.

Оның айтуынша, операция кезінде көші-қон заңнамасын 12 мыңнан астам адам бұзған.

Оның ішінде 9 мыңға жуығы шетелдіктердің елде болу мерзімін бұзуы, 3332 шетелдіктің еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыру фактілері тіркелді. 535 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 4,5 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалар өздеріне келген шетелдіктер туралы полицияны уақтылы хабардар етпегені үшін, ал 40 шетелдік қайыршылық әрекеті үшін  жауапқа тартылды, - деді ол.

Ол атағандай, көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығарып жіберу туралы соттың 792 шешімі шығарылды.

Полиция қызметкерлері жыл басынан бері елден мәжбүрлеп шығарылған, шығарып жіберу туралы сот шешімін орындаудан жалтарған 130 шетелдікті анықтады, - деді ол.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...