Бас жаңалықтар
Елімізде 65 миллион гектар жер цифрланды – Абаев
19 Ақпан 2019, 11:10 542

Елімізде 65 миллион гектар жер цифрланды – Абаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында 2018 жылы агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру қалай жүргізілгенін айтты.


«Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында еліміздің 14 пилоттық шаруашылығында нақты егіншілік элементтері енгізілген. Осылайша фермерлердің шығындары орташа есеппен 15-20% азайып, астық өнімі 2,5 есеге артты.  2019 жылы смартфермаларды 500 шаруашылыққа дейін жеткізу жоспарланған. Мысалы үшін: «Бараева» ғылыми-өндірістік орталығы операциялық шығындарын 15-20% төмендетті. Бұл 250 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Осылайша 198 миллион теңге пайда тапқан. Жалпы айтқанда қазіргі уақытта 65 миллион гектар жер цифрланды», - деді министр.

Абаев субсидиялаудың 5 түрі электрондық форматқа ауыстырылғанын айтты. Сондай-ақ фермерлерден келіп түскен 23 мың өтініш электронды жүйе бойынша қаралып, электронды астық қолхаттары жүйесі енгізілген.   

«Осылайша қолхаттарды беру уақыты 10 күннен 10 минутқа дейін қысқарды. Жалпы алғанда 146 мың электрондық астық қолхаттары шығарылды және 32 миллион тонна астық рәсімделді», - деді Абаев. 

Оның айтуынша, 2018 жылы агроөнеркәсіптік кешендерін автоматтандырудың тиімділігі 2,2 млрд теңгені құраған.

Назерке АБИБУЛЛА

Сізден жаңалық