Бұрынғы дәрігер мен инженер – 300 күнде 60 елді аралайтын саяхатшылар

17 Шілде 2019, 12:28
3724
Бөлісу:
Бұрынғы дәрігер мен инженер – 300 күнде 60 елді аралайтын саяхатшылар
PHOTO
Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үндістандық инженер отбасын қалдырып, 300 күндік саяхатқа шығады. Қасындағы серігі қызықты кадрлар түсіретін – Судхир. Оның жөні – бір бөлек. 50 жасқа дейін дәрігер болған фотограф әлемнің 60 елін аралау үшін саяхатшы болуды таңдаған. Қазақстанға келгенде Меркідегі дәмханадан өздері жейтін ас таппайды.

Қазір қай елге қарасаң туризмді дамытып әлек. Сұраныс көп. Жаһандану заманында құндылықтар өзгерді. Тұлғалық принципті арттыру үшін саяхатқа шығатындар саны артты. Бұлар – бір жақ.

Екінші жақ, саяхатқа шыға отырып, артына қалатын ұрпағына өсиет, үлгі болғысы келеді. Жолшыбай игіліктерді «теріп», білімін арттыруды, мінезін жақсартуды көздейді. Солардың бірі – үндістандық саяхатшылар Praveen Mehta мен Dr Sudhir Baldota.   

WhatsApp Image 2019-07-16 at 14.49.42 (1).jpeg

Praveen Mehta 

Жолымыз болып, елордадан өтіп кеткен саяхатшылармен сұхбаттасудың сәті түсті.

Praveen Mehta мырза, өздеріңіз туралы айтып берсеңіз...

Екеуміз де – орта жастамыз. Осы саяхатқа шығардың алдында 50 жасқа толдым. Осылайша, жер шарын аралау саяхаты мен үшін жаңа өмірімнің бастауы болды. Өзім – текстиль әзірлейтін кәсіпорында инженермін. Яғни, текстиль үшін шикізатты дайындап береміз. 3 елмен жұмыс істейміз. Ал фотографым – Судхир, 52-ге жақындап қалды. Бұрын ол дәрігер болған. Негізгі мамандығы – сол. Бірақ Судхир саяхаттауды қалап, маған серік болды. Екеуміз де отбасылымыз.

WhatsApp Image 2019-07-16 at 14.49.40.jpeg

Фотограф Dr Sudhir Baldota

Саяхатқа шығу идеясы қайдан келді?

Шыны керек, мұндай идея бір сәтте пайда болды деп айту қиын. Өйткені, үлкен масштабтағы идея тәжірибе, талқылау және ұзақ ойланудан туындайды. Біз барлық жағдайды зерттедік және барлық мүмкіндікті көрдік. Қаншама уақыттан бері кішігірім саяхаттарға шықтық, алыс қашықтыққа велосипедпен бардық, жол жүру және басқа да марафондарға көп қатыстық. Бүгінгі әлемдік саяхат осының барлығының жалғасы болды. Ал басқаша айтсам, ұлыма мен бүкіл әлемді көріп шықтым деп айтқым келді. Қысқаша осылай деуге де болады. Ұрпағыма үлгі болғым келеді. Жиған-терген игілігіммен ұлыма жақсы әке болғанды қалаймын.

Тағы... Қарапайым адам өмірде 4 жолдан өтеді: перспективалық кәсіп, үнемі қасыңда болатын өмірлік серік, болашақ ұрпағын тәрбиелеу және өмір сүруге құштар болу. Біз қазір өзіміздің құштарлығымыздың артынан барамыз.

WhatsApp Image 2019-07-14 at 02.47.01.jpeg
Осы саяхат барысында қанша елге барасыздар? Қанша елде болдыңыздар? Қандай елдер, дәл қазір қайдасыз?

Қысқаша айтсам, 4 құрлықтың 60 еліне барамыз. 70000 шақырымды 300 күнге жуық уақыт бойы аралаймыз. Әзірге енді жолға шыққандықтан, 12 мемлекеттен өттік. Қытай, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей т.б. Енді Литва арқылы Еуропаға кіріп келдік.

WhatsApp Image 2019-07-16 at 14.49.42.jpeg
Сонда қазір қанша күннен бері жолда жүрсіз? 

Шыны керек, біздің көлігіміз жақсы болғандықтан жолымыз болды деуге болады. Оның үстіне жол бойы тек жақсы адамдар кездесіп жатыр. Бізді жайғастырып, жылы қабылдап, байланыс орнатуға ниет білдірді. Кей кездескен жандар ағылшынша білмесе де, бізді түсінуге тырысты.

Саяхатыңызға қанша қаржы жұмсалады деп жоспарладыңыз? Арнайы демеушіңіз бар ма?

Сіз бір нәрсені бастайтын кезде өте оптимистік көзқараспен байтайсыз. Идеяңыз керемет, оны қолдайтындар табылады деп сенесіз. Осындай сеніммен біз 500-ден астам хат жазып, бізге назар аударады-ау дегендерге жолдадық. Бірақ ешқандай демеуші табылған жоқ, ешкім қолдау көрсетейік деген жоқ. Тек Тойота компаниясы көлігін жеңілдетілген бағамен берді. Ешкім қолма-қол ақшалай көмектеспеді. Ешқандай компания немесе ұйым бізге уәкіл болмады. Саяхат – жай ғана өзіміздің құштарлығымыз. Тәжмахалдың өзін де мысалға алуға болады. Кез келген әлеуметтік маңызы бар қозғалыс жай адамның жеке мақсатынан басталады. Кейін адамдар оны бағалап, қостап кетеді. Сондықтан бұл саяхат – өзіміз қаржыландыратын жеке бастама. Бастамамыздыі сәтті жалғасатынына нық сенеміз.

WhatsApp Image 2019-07-14 at 02.47.02.jpeg
Саяхаттан алған әсеріңізбен бөліссеңіз?

Саяхатқа шығар алдында саяхатымыздың мәнді болуын көздедік. Сондықтан әр елде танымал тұлғалармен танысу деген мақсат қойдық. Ол қолөнерші, музыкант, әлеуметтік кәсіпкер, фермер, педагог, волонтер бола алады. Айырмашылығы жоқ. Мұндай тұлғалар өз өңірлерінде қоғамның дамуына зор ықпал етеді. Олар біздің өмірімізде алға жылжып, жетістікке жетуімізде де маңызды рөл атқарады. Олармен сұхбаттасып, түрлі сұрақ қоямыз. Көп нәрсе үйренеміз. Тағы мұндай тұлғалар басқаларды шабыттандыратынын өздерінің білгенін қалаймыз. Оларға сол ілтипатымызды білдіргіміз келеді. Ал, саяхаттан алатын әсердің орны бір бөлек. Өмірге құштар болу, тың көзқарас пен бөтен әлемге ену деген ғанибет. Керемет әсер, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

WhatsApp Image 2019-07-16 at 14.49.41.jpeg
Қай елде қандай қызық болды? Бөліссеңіз...

Сіз Қазақстаннан болғандықтан сіздің еліңіз туралы айтқым келіп тұр. Алматыға келдік, сосын Нұр-Сұлтанға аялдадық. Халықтың қабылдауы және өз тәжірибеммен салыстырып, ең қызыққа толы ел болды десем болады. Бішкек пен Тараздың арасында Меркі деген жерде болдық. Бір дәмханаға кірдік. Қарнымыз аш, қатты шаршағанбыз. Ішінде бос орын жоқ. Үйтіп-бүйтіп үстел таптық, отырдық, «вегетарианша» ас сұрадық. Өйткені, екеуміз – вегетарианбыз. Кафе иесі София бас аспазбен қанша сөйлессе де, вегетариан тамақ жасай алмайтынын айтты. Біз «қап» деп шығып бара жатқанда София күте тұруымызды өтінді. Мүкжидектен жасалған шырын мен шоколад ұсынды. Бірге алып кеттік. Ол өзінің дәмханасынан ешкім аш кетпеу керек дегенді айтты.  Міне, осы арқылы мен қазақтың қонақжайлығының биіктігін көрдім. Құр қол шықпау дегенді де осыдан көрдім.

Әңгімеңізге рақмет! Қызықты саяхат пен сәт сапар тілейміз!

Өзгелердің жаңалығы