Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай кезінде 55 жастан асқан азаматтардың жұмысқа баруын шектеу ұсынылды. Бұл туралы Ақордада төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Өздеріңіз білесіздер, жаһандық індет ушығып барады. Бүкіл әлем бойынша бұл дертке 300 мыңнан астам адам шалдықты. Вирустың таралу жылдамдығы бәсеңдемей отыр. Әлем елдері індетпен барынша күресуде. Менің тапсырмам бойынша елімізде төтенше жағдай жарияланды. Елордамыз бен Алматыда карантин режимі енгізілді. Қатаң санкцияларға көшудің алдын-алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында осы фактілерді кеңінен жариялаудың уақыты келді, - деді президент.
Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясымен статистика бойынша негізінен егде адамдар ауырғанын ескере отырып, зейнет жасына жақындағандарға қашықтықтан жұмыс істеуді ұсынды.
Тәжірибе "тәуекел тобы" деп аталатын тұлғалардың медицина жүйесіне үлкен жүктеме салатындығын және олардың арасында өлім-жітімнің жоғары екендігін көрсетіп отыр. Бұл 55 жастан асқан, жалпы денсаулығына байланысты және созылмалы аурулары бар адамдар. Сондықтан олардың жұмысқа баруын мүмкіндігінше шектеп, үйден оқшаулау режимін қамтамасыз етуі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.