42500 теңге. Мемлекеттік сақтандыру қорынан 322 млрд теңге кетті

25 Маусым 2020, 11:26
1210
Бөлісу:
42500 теңге. Мемлекеттік сақтандыру қорынан 322 млрд теңге кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов халыққа төтенше жағдай кезінде қандай көмек көрсетілгенін айтып берді.

Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты енгізілген Төтенше жағдай кезінде 4,6 миллион қазақстандық 42,5 мың теңге әлеуметтік төлем алды. 322 млрд теңге мемлекеттік сақтандыру қорынан бөлінді.1 миллионнан астам адам азық-түлік топтамасымен қамтамасыз етілді, - деді министр. 

Нұрымбетов Қазақстанда 16 наурыздан 10 мамырға дейінгі ТЖ режимі кезінде мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары қабылданғанын атап өтті.

Қысқа мерзімде бірнеше күннің ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан адамдарға ең төменгі жалақы мөлшерінде мүлдем жаңа төлем 42 500 теңге енгізілді. Бұл төлем бұған дейін жұмыс істеп келіп, мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалған азаматтарға арналған. Әлеуметтік төлемге 8 миллион азамат өтініш беріп, критерийлерге сәйкес келетін 4,6 миллион адамға барлығы 321,9 млрд теңгеге көмек тағайындалды, - деді Біржан Нұрымбетов.

Министр ТЖ режимін енгізу әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына кері әсер етпеуі үшін 24 қызмет жедел түрде egov.kz порталындағы "Электрондық өтініштер" сервисіне орналастырылғанын айтты.            

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу салдарынан төлем жасау процесін жеделдету мақсатында жұмыссыз мәртебесін беру мерзімі 14-тен күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. ТЖ кезінде 108,9 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды. Сондай-ақ, осы кезеңде мүгедектік және мүгедектік бойынша төлемдер автоматты түрде 3 айға ұзартылды, - деді Нұрымбетов.
Өзгелердің жаңалығы