42 500 теңге алғаны үшін ешкім жазаға тартылмайды – министр

20 Сәуір 2020, 11:01
3594
Бөлісу:
42 500 теңге алғаны үшін ешкім жазаға тартылмайды – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен онлайн баспасөз брифингінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Соңғы 4-5 күнде әлеуметтік желілерде 42 500 теңгені алғаны үшін қылмыстық тұрғыдан жазалайды екен, деген әңгіме таралуда. Мұның себебі, 5 сәуірден бастап біздің бірқатар заңгерлеріміз осы мәселеге қатысты пікір айта бастаған. Оның ішінде ерекше айтатын дүние – "zakon.kz" порталында орыс тілінде жарық көрген Данияр Нұрланұлы және Руслан Қожахмет есімді заңгерлердің осы Қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талқылап, соның 42 500-ге қатыстырып жазған мақаласы болған. Осыған байланысты айтарым – бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық, – деді министр.
Ол сонымен қатар, әлеуметтік төлемге неге тексеріс жүргізілмейтінін де түсіндірді. 
Бұл төлем – әлеуметтік бағытталған төлем. Елімізде төтенше жағдай орын алмағанның өзінде, бізде халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақы мөлшері төмен, зейнетақы, жәрдемақылар көп емес екені белгілі. Сондықтан, көпшілік осы төлемді алсам, деген ниет білдірген. Өткен брифингтерде де айтып жүрмін, біз ешкімді жаппай тексермейміз. Тексеру жүрсе, бізді тексереді, – деді ол. 
Біржан Нұрымбетов халық тарапынан төлемді барлық елге бірдей неге бере салмайды деген сұрақтардың да келіп жатқанын айтты.
Ал, енді "төлемді неге барлық елге төлей салмайды", деген сауалға жауап ретінде айтарым, төтенше жағдайға қатысты үкімет тарапынан біраз көмек қарастырылды, әлі де қарастырылып жатыр. Салықтар, несиелер, қарыздар шегерілді. Зейнетақы, жәрдемақы тоқтаған жоқ, керісінше, ұлғайды. Сәуір айы төленіп қойылғандықтан, қосылған сома мамыр айында төленеді. Халықтың әлжуаз топтарына коммуналдық шығынды өтеу үшін 15 000 теңге төлем енгізілді. Азық-түлік алуға тағы көмек қарастырылды. Ал, 42 500 теңге – сол көп көмектің ішіндегі бір көмек. Бұл бөлек төлем болғандықтан, оның өз шарттары бар. Яғни бұл төтенше жағдай салдарынан табыс көзінен, жалақыларынан айырылғандарға төленетін төлем, - деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, төтенше жағдайдың салдарынан табыс көзінен айырылған жандарға арналған әлеуметтік төлем бүгінде 175 миллиард теңге көлемінде 3 миллион 960 мың адамға тағайындалған.

Өзгелердің жаңалығы