Бас жаңалықтар
30 жылда 30 мыңға жуық термин аударылды
11 Сәуiр 2019, 10:35 553

30 жылда 30 мыңға жуық термин аударылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Парламенті төртінші сессиясының жұмыс жоспарын іске асыру аясында   Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.

"Конференцияның өзектілігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңғырту және рухани дамуы мәселелеріне қатысты сөздері мен мақалаларында бірнеше мәрте көтерілген «тілімізді терминологиялық тұрғыдан халықаралық деңгейге жақындату» қажеттілігіне негізделген. Отандық терминологияның маңызды мәселелерін қазақ тілін дамыту және байыту тұрғысында талқылау Парламент Мәжілісінде оқылған баяндамалар мен сөйленген сөздердің басты тақырыбына айналды. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30-ға жуық жылдың ішінде 369000 термин ұсынылған. Оның ішінде 27000-ы, яғни 5%-ке жетпейтіні ғана аударылан" - дейді ҚР Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев. 

Конференцияда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, ғалым-терминолог, профессор Ш.Құрманбайұлы заманауи терминдерді қалыптастыру қағидаттарына, салалық терминдерді біріздендіру мен жүйелеу мәселелеріне баса назар аударып, жаңа қазақ әліпбиі негізінде терминдерді қолдану аясын одан әрі кеңейту қажеттілігіне тоқталды.

Пікірталас барысында аударма саласындағы қордаланған мәселелерге де баса назар аударылды. Атап айтқанда, Жоғарғы соттың судьясы Б.Мақұлбеков, Мәжіліс депутаты А.Смағұлов және заң ғылымының басқа да өкілдері заң жобаларындағы жұмыстардың сапасына ықпал ететін заңнама терминдері мен ұғымдарының дәл аударылмау фактілеріне тоқталады .

Еліміздегі танымал ғалымдар атсалысып жатқан «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысындағы Ұлттық аударма бюросының тәжірибесі туралы Р.Кенжеханұлының баяндамасы жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.

Депутат С.Абдрахманов ақпараттық кеңістікте жаңа терминдерді дұрыс қолданудағы журналистердің жауапты міндетіне баса назар аударды. Сонымен қатар конференцияны бірлесе ұйымдастырушы ретінде Тіл саясаты комитетіне ҚР Үкіметі бекіткен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын дер кезінде және сапалы орындау мәселесін назардан тыс қалдырмауды ұсынды.

Конференцияны қорытындылай келе, Комитет хатшысы депутат Б.Мамраев қазақ терминологиясын біріздендіру жұмыстары ғылыми сүйемелдеуді, сондай-ақ Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің жүйелі де тиімді өзара әрекеттестігін күшейтуді талап ететіндігін атап өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының мүшелері, жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысып отыр .

Конференцияның қорытындысы бойынша мемлекеттің тіл саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған қарар қабылданады.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық