2025 жылы қаржы қызметтерінің 95% электрондық форматта көрсетіледі

28 Қаңтар 2019, 10:40
5358
Бөлісу:
2025 жылы қаржы қызметтерінің 95% электрондық форматта көрсетіледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық  технологиялар» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп жатыр. ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов аталған салаларды цифрландыруға бағытталған бірқатар жоба іске асып жатқанын айтты.


«2018 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер органдары 22 миллион қызмет көрсетті. Оның ішінде 20 миллион қызмет электрондық түрде. Мемлекеттік қызметтерді әрі қарай оңтайландыру және автоматтандыру үшін ведомствоаралық комиссия деңгейінде жол карталары бекітілді. Қызметтердің көбісін электрондық үкімет порталына шығару көзделіп отыр. Сондай-ақ, жеке сектор компанияларымен интеграция жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде 2025 жылға қарай Қаржы министрлігің қызметтерінің 95 проценті электрондық форматта көрсетілетін болады», - деді Смайылов.

Министрдің айтуынша, жыл сайын бюджеттік сыныптама кодтарын қысқарту, салық есептілігі нысандарын оңтайландыру бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.

«2015 жылдан бастап бюджеттік сыныптама кодтарының саны 2,5 есеге қысқарды. Салық декларациясының нысандары 30 пайызға оңтайландырылды. Салықтарды электрондық түрде төлеу процесін жеңілдету басталды. Ол үшін салық төлеушінің Бірыңғай электрондық кошелек сервисіне көшуі көзделеді. Бұл ретте, Эстонияның тәжірибесі қызық. Онда салық төлеушілер салықты бір реквизитке төлейді. Сосын, сол сома жеке тұлғалардың барлық салықтары бойынша автоматты түрде тарайды. Осыған сәйкес, Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері 2019 жылдың соңына қарай Бірыңғай электрондық кошелекке түскен салық төлемдерін өздері шоттар бойынша таратады», - деді Әлихан Смайылов.

Ведомство басшысының айтуынша, салықтарды қате төлеуді болдырмау нәтижесінде төлем құжаттарының саны қысқартылады, анықталмаған төлемдер мен негізсіз айыппұлдар алынып тасталады, инкассалық өкімдер саны қысқартылады, салық төлеушілердің уақыты үнемделеді. 

«Сонымен қатар, электрондық кошелек арқылы салықтарды төлеудің бірыңғай сервисіне өту үшін ақпараттық жүйені пысықтау және деректер базасын актуализациялау қажет. Бұдан басқа, бюджеттік, банктік, салық, кеден заңнамаларына өзгерістер енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізу қажет болады», - деді Смайылов.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы