Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев елдің 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспарын таныстыру барысында айтты.
Оның айтуынша, Ұлттық жоспар азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және мықты экономика атты үш бағыт бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады.
Соның бірі - «Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» жалпыұлттық басымдығы. Ол адамдардың денсаулығын жақсарту, сондай-ақ қазіргі және болашақ ұрпақтың игілігіне ықпал ететін тұрақты денсаулық сақтау жүйесі тұжырымдамасын дамытуды көздейді.
Көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, кадр әлеуетін және ғылыми медицинаны дамытуға, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құруға, сондай-ақ саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған батыл шаралар іске асырылатын болады. Нәтижесінде дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі, - деді ол.
Оның айтуынша, 2025 жылға қарай азаматтардың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға бағдарлана отырып, адам-орталық медицинасына көшу жүзеге асырылады, сондай-ақ ауылдарда және қалаларда сапалы медициналық қызмет көрсетуге кепілдік беріледі.
Барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Бұл ұзақмерзімді кезеңге арналған сапалы денсаулық сақтау инфрақұрылымын қамтамасыз етудегі айтарлықтай мәселелерді оң шешеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді, - деді министр.Айта кетейік, Ерғалиев 2025 жылға қарай елімізде 800 жаңа мектеп салынатынын мәлімдеді.