20 млн теңге айыппұл салынды. Жұманғарин билет бағасын қымбаттатқан әуе компаниялары қалай жазаланатынын айтты

21 Сәуір 2021, 18:13
3150
Бөлісу:
20 млн теңге айыппұл салынды. Жұманғарин билет бағасын қымбаттатқан әуе компаниялары қалай жазаланатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин «Қазақпарат» ХАА АҚ ұжымымен кездесу барысында «Air Astana» акционерлік қоғамына қатысты тергеу бойынша сұраққа жауап берді.

«Air Astana» акционерлік қоғамы ақпараттық мәліметтер базасы мен қаржылық есепті беруден бас тартты. Оның барлығын жоққа шығарды. Біз барлық сотты жеңіп шықтық. Ақпарат бермегені үшін ғана 20 млн теңгеге жуық сомада айыппұл салдық. Қазір оны сот орындаушыларына бағыттадық. Қазір тергеу жұмыстарын аяқтай алмай отырмыз. Себебі компаниядан толық ақпаратты ала алмай отырмыз. Соттың соңғы отырысы жаңа жылға дейін болды. Кейін іс сот орындау комитетіне тапсырылды, - деді ол.

Жұманғарин компанияға қатысты тексеру не себепті басталғанын айтты.

Тексеру монополиялық жоғары бағаға қатысты болды. Билет бағасы шарықтап кеткен еді. Бұл 2019-2020 жылдары кезеңінде болды. Ол кезде әлі Агенттік құрылмаған еді. Бізге бұрынғы орган тапсырды. Соттың барлығын жеңдік. Енді компанияға қатысты қандай шешім қабылданатынын көреміз. Қазір қорытынды ақпарат түскен соң шешім қабылдаймыз, - деді ол.

Ол атағандай, «Scat» акционерлік қоғамына да қатысты осындай шешім бар.

«Scat» әуе компаниясы барлық ақпаратты ұсынды. Қазір ол туралы дайын шешім бар. Бірақ олар оны келесі комиссиясына сала алады. Тергеу нәтижесі шыққан соң, олар біздің кейбір шешімімізге қарсы шыға алады. Онда да монополиялық жоғары баға болды. Біз екі компанияға қатысты бірдей қорытынды шығарамыз. Ол - жазалау немесе келісімге келу. Қазір ішкі нарықтар жабық. Кез келген біздің жазалауымыз тұтынушыларға әсер етеді, - деді Жұманғарин.

Айта кетейік, Серік Жұманғарин 29 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Air Astana» акционерлік қоғамына, «Scat» акционерлік қоғамына қатысты, сондай-ақ дәрілік заттар нарығындағы монополияға қарсы тергеулер жүргізіліп жатқанын айтқан еді.

Бұған дейін Жұманғарин жанармай бағасы қашан және қанша теңгеде тұрақтанатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы