Бас жаңалықтар
Қазақстанда 120 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған
06 Сәуiр 2020, 16:16 198

Қазақстанда 120 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова олардың біреуінің жағдайы ауыр екенін айтты.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында еліміздің бас санитары коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, елімізде 120 медицина қызметкерінен коронавирус инфекциясы анықталған.

Олардың 67-сі коронавирус инфекциясы болуы мүмкін деген адамдарға немесе вирус жұқтырғандарға медициналық көмек көрсеткен. Медицина қызметкерлерінің жағдайына қатысты айтар болсақ, біреуінің жағдайы ауыр, 9 адамның жағдайы орташа, ал қалған 57 адам жеңіл және симптомсыз ауру түрі болып саналады, - деді бас санитар.

Сондай-ақ, Айжан Есмағамбетова елдегі вирус жұқтырған балалар қатысты да пікір білдірді. 

Оның мәлімдеуінше, бүгінде коронавирус инфекциясы анықталған 45 бала тіркелген. Оның төртеуі жазылып шыққан, қалғандарының жағдайы жеңіл деңгейлі деп бағалануда. 

Сонымен қатар, жағымды жаңалық та жоқ емес. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, Нұр-Сұлтан және Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді.

27 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда сырқаттанғандардың күн сайынғы өсімі 5 сәуірдегі жағдай бойынша 60-тан нөлге дейін төмендеді, Алматыда күн сайынғы өсім орташа есеппен 15-тен алты жағдайға дейін ауытқып тұр. Жалпы республика бойынша сырқаттанушылықтың өсімі 10% көлемінде, - деді Есмағамбетова. 
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елдегі коронавирус жұқтырғандардың инфекцияны нақты қайдан, қалай жұқтырғанына тоқталған бас санитар 130 жағдай ел ішінде жұқтырғандар екенін айтты. 

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...