Бас жаңалықтар
1 қыркүйек. Ерекше жаңа оқу жылы
01 Қыркүйек 2020, 09:40 654

1 қыркүйек. Ерекше жаңа оқу жылы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. COVID-19 індетінің салдары денсаулық саласына ғана емес, сондай-ақ білім саласына да айтарлықтай өзгерістер алып келді. Биыл көктемде оқушылар IV тоқсанды қашықтан оқуға мәжбүр болды. Ал жаңа оқу жылында қандай өзгерістер енгізілді? Мұғалімдер мен оқушылар жаңа оқу жылына дайын ба?

Бүгін – Білім күні

Бүгін мектептерде Білім күніне және жаңа оқу жылының басталуына арналған онлайн жиналыстар өтеді. Балалар мектепке келмейді, онлайн жиынға қолжетімді құрылғылар мен байланыс құралдары арқылы қатысады.

Мектепке дайындық

Техникамен қамтамасыз ету

Мемлекет қашықтан оқу үшін оқушылар мен мұғалімдерді компьютерлік техникамен қамтамасыз етті. Ең алдымен әлеуметтік осал топқа, оның ішінде көпбалалы отбасыдан шыққан балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға техника уақытша таратылды.


«Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы

Жалпыға міндетті білім беру аясында әлеуметтік осал топтағы мектеп оқушыларына 40 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліп жатыр.

 Көмекті алатындар санаты:

- Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы бар отбасы балалары;

- Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкеріс деңгейінен төмен отбасы балалары;

- Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- Төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасы балалары;

- Білім беру ұйымының, қала органы айқындайтын өзге де санатқа жататын балалар.

Жалпыға міндетті орта білім беру қорынан киім-кешек, аяқ-киім және оқу құралдары сатып алынады.


 «Мектепке жол» акциясы

Мұқтаж балаларға көмек көрсетуге және оқумен қамтылмай қалған балаларды анықтауға бағытталған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тапты. Көмек мұқтаж отбасы «Менің Атамекенім» (atamekenim.kz) порталының «Мектепке жол» бөлігіне өтініш қалдыру қажет.


Қашықтан оқу

Білім министрлігінің тамыз айының соңындағы мәліметіне сәйкес, балалардың 80% қашықтан оқиды. Бұл 2,6 млн оқушы, 530 мың бала, яғни 15% «кезекші сыныптарға» барады, 202 мың, яғни 5% бала дәстүрлі форматта оқиды.

 

«Кезекші сыныптар» жұмысы

Жаңа оқу жылында ел үкіметі «кезекші сыныптар» ашуға рұқсат берді. Яғни, ата-аналардың өтініші бойынша 1-4 сыныптар үшін осындай сыныптар ұйымдастырылды. Алайда, арнайы талаптары бар. Кезекші сыныптағы бала саны 15-тен аспайды. Сондай-ақ, бұл сыныптарға иммунитеті төмен оқушылар қабылданбайды.

-        үзілістер әртүрлі уақытта болады;

-        сабақ басталуы да әр сынып үшін әр уақытта;

-        сабақтың ұзақтығы - 40 минут;

-        санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек;

-        балалар тек 1 кабинетте ғана оқиды. Бір кабинеттен басқа кабинеттерге барып оқытуға жол берілмейді.

 Осыған дейін елордадағы мектепте «кезекші сыныптардың» жұмысы қалай жүргізілетінін көріп, таныстық. 

 Айта кетейік, кезекші сынып мұғаліміне де қатаң талап қойылады.

-        Жасы үлкен мұғалімдер;

-        Жүкті мұғалімдер;

-        Созылмалы аурулары бар;

-        Дәрігер есебінде тұрған мұғалімдер алынбайды.

 Оқушылар маска тағып, «перчатки» киюге міндетті ме?
Қазақстанда мектепке баратын оқушылар қолына медициналық қолғап киюге міндетті емес. Осы бойынша әлеуметтік желіде түрлі жалған ақпарат тарап жатыр. Тек сабақ кезінде маска тағу міндеттеледі. Себебі, балалар жиі ауырмағанымен, олар вирус тасымалдаушы болып келеді. Үлкендерге жұқтыруы мүмкін. Бұл маскаларды ата-аналары қамтамасыз етуі керек, - деді ОКҚ-де өткен брифингте Денсаулық министрлігі өкілі Қожахметов.
 

Қашықтан оқытудың 2 негізгі бағыты

1-бағыт – Интернет платформа 

Платформалардың ыңғайына байланысты мектептер, қалалық, аудандық мектептер білім бөлімдері шешім қабылдады.

2-бағыт – Теледидар арқылы

IV тоқсандағыдай «Балапан», «Еларна» телеарналары арқылы сабақтар жүргізіледі. Жоспарға сәйкес, күніне 9 сағатқа дейін сабақтар көрсетіледі. Сабақ кестесін министрліктің телеграмдағы каналынан күнделікті қарауға болады.

Шалғайда, ауылдарда шағын жинақталған мектептер де бар. Егер осы ауылдарда эпидемиологиялық ахуал жақсы болса, онда мектептер дәртүрлі форматта оқитын болады.

Арнайы мектеп-интернаттардағы ерекше білімді қажет ететін оқушылар ата-аналарының өтініші бойынша штаттық режимде оқи алады. Бұл ретте балалар интернатта тұрады және мектеп жабық режимде жұмыс жасайтын болады. Егер ата-аналар балаларын мектепке жібермеуді ұйғарса, онда мектеп балаларды қашықтан оқытады.

Студенттер қалай оқиды?
Интернеті жоқ аймақтарда тұратын студенттер қалаларға келіп, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, ЖОО жатақханаларында оқшауланып тұруларына болады. Ол жерде студенттер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Оларға жатақхана қабырғасында білім алып, өмір сүру үшін жеке бағдарламалар мен арнайы мүмкіндіктер әзірленеді, - деді Асхат Аймағамбетов.

Колледж студенттері үшін оқу қашықтан өтеді. 

БАКАЛАВРИАТ

1-курс студенттері үшін күзгі семестр қашықтан оқыту форматында ұйымдастырылады.

2-4-курс студенттері үшін оқу 1 қыркүйекте басталады. 20 тамыздан бастап ЖОО-лар өз студенттері үшін таныстыру онлайн-кездесулерін өткізіп жатыр. Оқытуды педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік және IT-бағыттар бойынша толық қашықтан оқыту форматына көшіру ұсынылады. Жаратылыстану ғылымдары, техникалық, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және өнер сияқты бағыттар бойынша оқытудың аралас форматы көзделген. Дәрістер мен семинарлар онлайн-форматта өтеді. Зертханалық, практикалық және студиялық сабақтар кампус аумағында қазан айынан кейін басталады. Оффлайн режимде өткізілетін пәндер туралы ақпарат алу үшін студенттер жоғары оқу орындарына хабарласу керек.

 

МАГИСТРАТУРА

Магистранттарды оқыту 14 қыркүйекте қашықтан басталады.

 

ДОКТОРАНТУРА

Докторанттар оқуды 1 қыркүйекте қашықтан бастайды. 1-курс докторанттары үшін оқыту қашықтан жүргізіледі. 2-3-курс докторанттары үшін зерттеу жұмысы қашықтан ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру докторанттардың өтініштері бойынша зертханаларда жүзеге асырылады. Зертханалық және практикалық сабақтар әлеуметтік қашықтық пен күшейтілген санитарлық шараларды сақтай отырып, жеке кесте бойынша жүргізіледі.

 

ИНТЕРНАТУРА ЖӘНЕ РЕЗИДЕНТУРА

Интернатура мен резидентурада оқыту күндізгі-қашықтан оқыту форматында жүзеге асырылады.


Фото: дереккөз
Загрузка...