Фильмнің алғашқы көрсетіліміне отандық киноиндустрия өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, журналистер мен шығармашылық топ мүшелері қатысты.
Мультфильм оқиғасы Қаражал әскері бейбіт қаланы басып алған сәттен басталады. Бір кездері жазықсыз қуғынға ұшыраған батыр Барыстың ұлы Алан туған жеріне оралып, халқын жаудан қорғауға бел буады. Ол достары мен сенімді серіктерінің көмегімен қаланы азат ету үшін күреске шығады.
Анимациялық туындыда ұлттық құндылықтар мен тарихи-мәдени мұра заманауи анимация тілімен өрнектелген. Ерлік, достық, әділдік пен мейірімділікті арқау еткен шытырман оқиғалы фильм алты жастан асқан балаларға арналған.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, балаларға арналған кино жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Балаларға арналған фильмдердің маңызы зор. Олар ертегілер мен мультфильмдер арқылы жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйренеді. Жас ұрпақтың ана тілінде сөйлейтін, болмысы өзіне жақын кейіпкерлерден үлгі алып өсуі маңызды, – деді ол.
Фильмнің режиссері – Азамат Ерназаров. Сценарийін Бақытжан Құлжабаев, Батырхан Дәуренбеков пен Азамат Ерназаров жазған. Туындының продюсері – Нұриддин Паттеев.