1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай өзгерді?

20 Қаңтар 2021, 16:40
4041
Бөлісу:
1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай өзгерді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «2021 жылдың 1 қаңтарынан әлеуметтік төлемдердің жаңа мөлшері» тақырыбындағы онлайн баспасөз конференциясы барысында ҚР ЕХӘҚ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Зейнебеков айтты.

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы ҚР заңына сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа көрсеткіштер белгіленді. Олар күнкөріс деңгейі - 34 302 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңге, ең төмен айлық табыс – 42 500 теңге. Сондай-ақ, толық еңбек өтілі үшін зейнетақының ең төменгі мөлшері осы жылы 43 272 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері  18 524 теңгені құрайды, - деп түсіндірді Көші-қон комитетінің өкілі.

Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы мөлшерінің төлемдері 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға көбейтілді. Зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ең жоғарғы табыс 46 АЕК. Осыған орай осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан есептелетін зейнетақы төлемдерінің ең жоғары табысы 134 182 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, Мұрат Зейнебеков мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшеріне тоқталды.

ҚР-да мүгедектігі, асыраушысынан айырылған жағдай бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы 1997 жылы 16 маусымындағы заңнамада көзделген мөлшерде белгіленеді. Яғни күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты көбейеді. Мемлекеттен берілетін арнайы жәрдемақылар бала тууға байланысты бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты, сондай-ақ, алтын алқа, күміс алқа белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға беріледі. Сонымен қатар, 4 және одан да көп жасы кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға, орта, техникалық, кәсіптік орта білімнен кейінгі немесе жоғары оқу орындарында күндізгі білім алатын балаларға мемлекет кәмелеттің жасқа және 23 жасқа толғанға дейін мемлекет жәрдемақы төлейді. Одан бөлек, Семей ядролық полигонының ядролық сынақтарынан зардап шеккен азаматтар және жаппай саяси қуған-сүргін құрбанына тағайындалған, бірақ әлі төленбеген бір жолғы өтемақылар АЕК мөлшері ұлғаюына байланысты арттырылады, - дейді Мұрат Зейнебеков.

Ол 23 жасқа дейінгі төленетін пунктті көп ата-ана түсіне бермейтінін айтты.

Бала 18 жасқа толады және оқу орнына түскен жағдайда 23 жасқа дейін ата-аналарына жәрдемақы төленеді. Әрине, бала оқып жатқан жағдайда ғана 23 жасқа дейін төленеді. Осыны көп ата-аналар түсінбей, баламыз ЖОО-дан кейін де оқитынын, неге әрі қарай төленбейтініне шағымданып жатады. Бала күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді, - деп түсіндірді Зейнебеков Жамбыл обылысында өткен брифингте.

Өзгелердің жаңалығы