1 қаңтардан бастап күшіне енген заң жобалары

5 Қаңтар 2020, 09:01
44445
Бөлісу:
1 қаңтардан бастап күшіне енген заң жобалары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев желтоқсан айының соңғы күндері бірнеше заңға қол қойып үлгерді. Оның бәрі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Былтырғы жылы Парламенттің қос палатасы Мәжіліс пен Сенаттан қолдау тауып, президент қол қойған заң жобаларына тоқталып өтсек.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсан күні "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заңға қол қойды. Бұл заң жобасында еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын параметрлер қайта қаралды. Бұл төлемді орташа есеппен 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Заң жобасының негізгі ережелері: медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін куәландыру және белгілеу негізінде еңбекке қабілеттілігін жоғалту коэффициентін айқындаудың жаңа тетігін енгізу; міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қатысу өтілінің қол жеткізілген коэффициентін жыл сайын арттыру; асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеген кезде асырауындағылар санының қолданыстағы коэффициентін арттыру; жұмыстан айырылу себептеріне қарамастан 6 айға дейінгі мерзімге жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау арқылы жұмыстан айырылу.

Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін төлейді, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін өздері төлейтін болады. Одан бөлек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады.

Атаулы әлеуметтік көмек

Сонымен қатар президент "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына да қол қойды. 

Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай беріледі:

·         Төрт баласы бар отбасыларға –  42 496 теңге;

·         бес балаға – 53 127 теңге;

·         алты балаға – 63 757 теңге;

·         жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.

Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы жүйесі қайта қаралды. Енді атаулы әлеуметтік көмек қазіргідей 6 немесе 12 айға емес, тоқсан сайын тағайындалады.

Мас күйінде көлік жүргізгендер 10 жылға сотталады

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" да заңға қол қойды.

Бұл заңға сәйкес, көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілген. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен мыңға жуық адам қаза тауып, жарақат алған.


Қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселелердің бірі – мас күйінде көлік жүргізу жайы. Президент бұл мәселеде жауапкершіліктің күшейтуді тапсырған. Ол заң бұзушыларды түрмеге отырғызып, айыппұл салып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру керек екенін айтты. Өкінішке қарай, жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген 30 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Мас жүргізушілердің салдарынан болған апаттан биылғы жылдың өзінде 1000-нан астам азамат жарақат алды немесе қайтыс болды, - дейді Марат Ахметжанов. 

Енді мас күйінде осындай қылмыс жасаған адам 10 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ, өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғаяды.

Сонымен қатар, егер азамат өз куәлігінен айырылса да мас күйінде көліктің рөліне отырса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру да осы жерде қарастырылған.

Мал ұрлағандардың жазасы күшейтілді

Мал ұрлайтындардың да жазасы осы заңда күшейтілген. Марат Ахметжановтың айтуынша, статистика бойынша ұрлық бойынша істердің көбісі татуласумен аяқталып жатады. Сондықтан осы қылмыс түрімен күресті күшейтіп, жауаптылықты қатаңдату керек деп отыр.

Енді осы қылмыста "теріс қылық" пен "орташа ауыр қылмыс" деген анықтама болмайды. Заң жобасы бойынша қомақты айыппұл мен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласып жасалса, 7 жылға дейінгі жаза болады. Бірнеше рет бұзып кіргені үшін – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.

"Педагог мәртебесі"

Тоқаев мұғалімдерге қатысты екі заң жобасына қол қойды. Олар: "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Педагог мәртебесі туралы" деп аталады.

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Жалпы, заң жобасы төрт бағытты қамтиды.

Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту;

Екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту;

Үшінші, материалды емес стимул тетіктері;

Төртінші, материалдық ыңталандыру.

Заң жобасындағы негізгі ережелер:

· 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді;

· ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әр ай сайын мектеп ұстаздарына 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төлеу;

· сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақыны екі есеге арттыру;

· біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын 30 дан 100% ға дейін қосымша ақы төлеп арттыру;

· әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру;
халықаралық конкурсттар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалармен спорттық жарыстардың лауреаттарын даярлаған педагогтерге 3 лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төлеу;

· "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік марапат тағайындай және иегерлеріне 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу.

- 42 күн демалатын педагогтердің демалыс уақытын 56 күнге ұзарту;

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бірнеше заңға қол қойды:       

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы";

· "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы";

· "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы";

· "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы";

· "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы";

· "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкестендіруге бағытталған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы";

· "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы";  

· "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы".

Өзгелердің жаңалығы