1-5 сыныптар аралас форматта оқиды – БҒМ

2 Наурыз 2021, 12:52
4232
Бөлісу:
1-5 сыныптар аралас форматта оқиды – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте айтты.

1 наурыздан бастап еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес кезекші сыныпта оқып келе жатқан 1-5 сыныптар аралас форматқа көшірілді. Бұл жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып оқушылары мен халықаралық мектептердің 1-7 сыныптарына қатысты, - деп атап өтті ол.

Қазіргі күні оқушылардың 47%-ы штаттық режимде және 53%-ы қашықтан оқыту форматында білім алып жатыр. 

Өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты штаттық немесе қашықтан оқытатын пәндерді әр білім мекемесі өздігінше анықтауға құқылы. Сондай-ақ, БҒМ негізгі пәндерді оқушылардың мектепке келіп, штаттық режимде оқытып, көркем пәндер мен музыканы қашықтан оқытуды ұсынып отыр. Осы бойынша тиісті әдістемелік ұстанымдар жасалып, білім мекемелеріне жеткізілді, - дейді вице-министр.

Оның сөзінше, әр білім мекемесі осы оқыту жылына бекітілген өз оқыту жоспарына байланысты оқытуды бастады.

Ерекше жағдайларда, мысалы оқушылар ауырып қалған немесе науқас адамдармен байланыста болған жағдайларда ата-аналардың өтініші бойынша оқушылардың қашықтан оқыту форматында қалу мүмкіндіктері бар, - деп түсіндірді БҒМ вице-министрі.

Білім бөлімдері, білім басқармалары және мектеп басшылары әр білім мекемесінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуына көңіл бөлуі тиіс.


Өзгелердің жаңалығы