Тараздағы қант зауытын жаңғырту жұмыстарына тартылған жұмысшылар 50 күннен астам уақыттан бері еңбекақысын ала алмай жүр. Жалақысын талап еткен азаматтар жергілікті әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүр болды.
Жұмысшылардың айтуынша, кәсіпорынды жаңғыртуға атсалысқан жүзге жуық адам екі айға жуық уақыттан бері тиісті ақшасын күтіп жүр. Наразылық білдірген олар бір күн жұмысқа шықпаған. Алайда сол күні серіктестік басқа кәсіпкермен келісімшарт жасасып, жүздеген адам жұмыссыз қалған.
Жұмысшылардың бірі Ерболат Кәрімбердиев жалақының кешігуі салдарынан олардың қаржылық жағдайы қиындап кеткенін айтады.
Ерігіп жүрген ешкім жоқ. Жетіскеннен бұлай ешкім келмейді. Несие төлейміз, төлемі кешіктіріліп жатыр. Айыппұлымыз бар, тамағымыз бар дегендей, қарызға батып жатырмыз. Несиені несие алып жауып жатырмыз, – деді ол.
Жалақысын ала алмай жүргендердің арасында шалғай ауылдардан келіп жұмыс істейтін азаматтар да бар. Оларды жұмысқа ешқандай келісімшартсыз қабылдаған жеке кәсіпкер еңбекақысын күн сайын төлеп отырған.
Жеке кәсіпкер Нұржігит Сейітхановтың айтуынша, төлемнің кешігуіне қажетті құжаттардағы қателіктер себеп болған. Оның сөзінше, құжаттардағы кемшіліктер түзетіліп, қайта тапсырылғанымен, қаражат әлі түспеген.