Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Несиені бюджет есебінен жабу проблеманы шешпейді. Бұл туралы "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев "Коронадағдарыс: экономиканың қалыпқа келуін қалай ынталандыру керек?" атты онлайн дөңгелек үстел барысында айтты.
Үй шаруашылығындағы адамдар көп зардап шекті. Олар жұмысы мен табысын жоғалтты. Әлем бойынша көп адам еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалды. 42 500 теңге әлеуметтік төлеміне 8,8 млн адам өтінім берді. Бұл - 10 млн экономикалық белсенді халқы бар адамға шаққандағы көрсеткіш. Көмекті 4,4 млн адам алды. Бұл сандар жұмыссыздық пен табысынан айырылғандардың көлемін көрсетеді. Сондықтан әлеуметтік саясаттың тиімділігі сөз болып отыр, - деді Ошақбаев.
Оның айтуынша, АӘК-ні 2 млн-нан астам адам алған.
Оның тәртібі өзгерген соң көмекті алатын адамдар саны қысқарды. Әлеуметтік саясаттың маңыздылығы тек мұқтаж адамдарды анықтап, оларға көмек көрсету болып табылады. Жүйе мұқтаж емес жандарды алып тастап отыруы керек. Жеке тұлғалардың табысы да көп көтеріле бермейтін мәселе. Ол халықтың несие алуына қатысты болып отыр. Өткен жылдың соңында "Талап" орталығының зерттеуі бойынша 1 млн-нан астам қазақстандық 90 күнге дейінгі несие қарыздарын төлей алмай отырғаны белгілі болды. Коронавирус індеті кезінде жағдайдың қиындауына байланысты бұл сан айтарлықтай өскені белгілі. Несиені бюджет есебінен жабу проблеманы шешпейді. Оларға қаржылық жағдайды қайта қарау үшін құқықтық мәртебе беру керек. Себебі, адамдар жылдар бойы қарызға батып отырады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл қарыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кетуі мүмкін. Өлім де оны алып тастамайды. Бұл мәселені шешу үшін жеке тұлғалардың банкроты туралы заң қабылдау өте маңызды, - деді ол.