Несиелерін өтесе де, борышкерлер тізімінен шығарылмаған. Депутат тағы бір мәселенің бетін ашты

18 Қаңтар 2024, 16:26
461
Бөлісу:
Несиелерін өтесе де, борышкерлер тізімінен шығарылмаған. Депутат тағы бір мәселенің бетін ашты
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Депутат Қайрат Балабиев Түркістан облысының жеке кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының мәселесін Мәжілісте көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өзінің Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында Түркістан облысы Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Отырар, Сауран, Сайрам және Шардара аудандарының жеке кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары әлеуметтік желі арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалы басшыларының заңсыз әрекеттеріне алаңдап жолдаған талап-өтініштерін жеткізді.

Оның сөзінше, өңір тұрғындарымен кездескенде көпшілік несие берушілердің негізсіз әрекеттеріне наразылық білдірген.

Бұл азаматтар 2015 – 2018 жылдарда мал шаруашылығын өндіру мен дамыту үшін топтарға бірігіп, Түркістан облыстық филиалынан делдалдық және жеке тұлғалармен жұмыс істемейтін «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-несие» кредиттік серіктестіктері арқылы 5 жылға 6%-бен несие алып, кепілге өздерінің жылжитын және жылжымайтын мүліктерін қойған. Бүгінде 300-ден астам адам алған несие қарыздарын өтеп, толық жапқанымен кепілге қойылған мүлік құжаттарын рәсімдей алмай, көптеген қиындыққа тап болып жүр. Соған байланысты көпшілігі берешектерін 3 жыл бұрын жауып тастаса да, әлі борышкерлер есебінен шығарылмағандықтан, басқа банктер мен несие ұйымдарынан қаражат ала алмайды және мүліктерін де сата алмайды, - дейді Қайрат Балабиев.

Мәжілісменнің айтуына қарағанда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдері несие алушылардың мерзімі өткен міндеттемелері болғандықтан, ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қазіргі кезде олардың кепіл мүлкін босатуға мүмкіндігі жоқтығын айтып жүрген көрінеді. Нақтылап айтқанда, «біріккен серіктестіктердің әр мүшесі несиені толық өтеген жағдайда ғана кепілдікке қойылған мүлік құжаттары қайтарылады» деп отыр.

Түркістан өңірінде ірі индустриялық өндірістер жоқ, негізінде, тұрғындардың 85%-ң әлеуметтік-экономикалық жағдайы тікелей агроөнеркәсіпке байланысты және олардың негізгі табыс көзі. Несие берушілердің орынсыз әрекеттері жұмысы мен табысынан айырылған адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп, олардың күн өткен сайын тұрмысы қиындап бара жатқанын атап өткен жөн. Сонымен қатар олар несиелерін толық өтесе де, кепілге қойған мүліктерінен себепсіз айырылып қалу қаупі де бар. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі де өз кесірін тигізіп отыр. Сондай-ақ 2015-2018 жылдары «Яссы-несие» КС-нен 163 млн теңге несие алған 65 азаматтың қарызы толық өтелсе де, кепіл мүліктері қайтарылмаған. Себебі «Яссы-несие» қызметкерлері Корпорацияның Түркістан облыстық филиалынан алынған 8 млрд теңге мөлшеріндегі қаражатты бірнеше адамнан құралған белгісіз топ азаматтарына кепілсіз несие беріп, аса ірі мөлшерде жымқырған, - деп айтты депутат сауалында.

Қазір заңсыз несие беру фактісіне қатысты Экономикалық тергеу департаменті ҚР ҚК-нің 190 бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Мәжіліс депутатының айтуынша, халыққа бір көзден несие берудің орнына, Корпорация мен оның Түркістан облыстық филиалы жеке тұлғалармен жұмыс істемейтін делдалдық және күмәнді кредиттік серіктестіктердің көмегіне неліктен жүгінгені түсініксіз. Олардың осындай ұшқыр әрекеттерінен адамдар зардап шегіп отыр.

Балабиев атап өткендей, азаматтардың Конституциялық құқықтары шектелуіне наразылық білдіруі орынды. Болған несиелерін толықтай өтеген және делдалдық кредиттік серіктестіктердің жұмысы мен қарыздары үшін жауап бермейді.

Ол Бас прокуратурадан мына мәселелерді қарастыруды сұрады:

1. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы мен «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-несие» кредиттік серіктестіктерінің Түркістан облысының халқына несие беруінің заңдылығын тексеріп, оның қорытындысы бойынша құқықтық баға берулеріңізді;

2. Берілген несие бойынша өз уақытында қарыздарын толықтай өтеген азаматтардың кепілдікке қойған мүлік құжаттарын қайтару мүмкіндіктерін қарастыруды.

Өзгелердің жаңалығы