Несиеден несібеге өрлеген кәсіп иелері

30 Қазан 2024, 22:21
496
Бөлісу:
Несиеден несібеге өрлеген кәсіп иелері
Фото: baq.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында экономика саласын әртараптандыра отырып дамытуды, оның ішінде кәсіпкерлік бағытын ілгерілету мен шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша қолдау білдіріп, қажет кезде қаржылай көмек көрсету көрсету шараларын жалғастыруды сала басшыларына міндеттеген еді. Мұның түп астарында – шағын және орта кәсіпкерлікті арттыру, дамыту арқылы елдегі жұмыссыздық проблемасын азайтуға қол жеткізу жатқандығы анық.

Бүгінде мемлекетте шағын кәсіп иелеріне ерекше қолдау көрсетілуде. Ұтымды жоба, ұтқыр жоспар болса, мемлекеттің түрлі бағдарламалары арқылы шағын немесе ірі көлемде несие, қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастауға болады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған азаматтарға, тіпті кәсібі жүріп тұрған бизнесмендерге де арналған түрлі бағдарлама бар екендігі анық. Бұл бағдарламалардың ең үлкен артықшылығы – екі қолға бір жұмыс таппай отырған азаматтарды жұмыспен қамтуға жол ашады, мүмкіндік береді.

Ине-жіпті серік қылған тігіншілер

Жамбыл облысы Жамбыл ауданында соңғы кезде шағын істің шебері атанған азаматтар жетерлік. Соның бірі – мемлекеттің қайтарымсыз грантын алып, елден аларым емес, елге берерім болсын деген Гүлжан Қыдырбаева. Гүлжан 1 миллион 500 мың теңге қаражат алып, тігін цехын ашқан. Алғашында қорқасоқтап бастаған кәсібі қазір бір үйлі жанның керек-жарағын қамтамасыз етіп, аудан экономикасына да үлес қосуда.

Несиеден несібеге өрлеген кәсіп иелері

Өзінің ескі тігін машинасын айналдырып жүрген қолөнер шебері грант арқылы заманауи машина, станоктар сатып алып, жұмысын жандандырған. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар – түрлі құрақ көрпешелер, көрпе қаптар және өзге де тұрмыстық керекті бұйымдар. Ол өзінің өнімдерін жекеменшік сауда орындарына шығарады екен.

Гүлжан бүгінде өзінен басқа екі адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Олардың да отбасына керек-жарағы осы кәсіп төңірегінен табылуда.

Қиындық атаулыдан қашпай, көз майын тауысып атқарып отырған шаруасын ары қарай дамыту үшін Гүлжан Қыдырбаева алдағы уақытқа наты жоспар құрып отыр. Бұйыртса, тігін цеын ары қарай кеңейтіп, ұлғайту жоспарында.

Жалпы Жамбыл ауданында жыл басынан бері 110 азамат 162 миллионнан астам теңгенің грантын алып, тірлік бастаған.

Оның ішінде атап айтарлығы – 26 мүмкіндігі шектеулі азамат қайтарымсыз несие алған.

Сонымен қатар, асыраушысынан айырылған – 9 адам, аз қамтылған – 4, көпбалалы адамдар – 62, сондай-ақ шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мүмкіндігі шектеулі адамның күтімімен айналысатын 9 адам грант алған.

Жалпы Жамбыл ауданында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант 400 АЕК мөлшерінде 110 азаматқа 162 млн 448 мың теңге жоспарланып 110 азамат 162 млн 448 мың теңге грант алды. Оның ішінде мүгедектігі бар 26 азамат, аз қамтылған 4 азамат, асыраушысынан айырылған 9 азамат, көп балалы 62 азамат, мүгедек бала қараушы 9 азамат. Сонымен қатар мал шаруашылығы – 61 адам, бал өндірісі  – 1 адам, құс шаруашылығы  – 2 адам, балық шаруашылығы  – 1 адам, балмұздақ жасау қызметі  –  1 адам, вулканизация  – 1 адам, гриль және донер құрылғыларын жасап шығару өндірісі  –  1 адам, дәнекерлеу цехы  – 2 адам, дизайнерлік қызмет  – 1 адам, әйнектен және ағаштан ыдыстар өндіру –  1 адам, кондитер  – 3 адам, кулинария өнімдері  – 1 адам, жиһаз цехы –  1 адам, жылыжай  – 1 адам, лазерлік гравировка қызметтері  – 2 адам, пластик есік -терез жасау шерберханасы  – 1 адам, полуфабрикат өнімдерін өндіретін цех ашу –  2 адам, мал азығы жоңышқа егу  – 1 адам, массаж кабинеті  – 2 адам, наубайхана  – 3 адам, пескоблок өндірісі  – 2 адам, шлакоблок өндірісі  – 1 адам, сүт өнімдері  – 2 адам, тігін цехы  – 11 адам, трактор көлігімен шөп престеу қызметін көрсету  – 1 адам, фаст фуд орталығы  – 1 адам, фетрмен баланың ой-өрісін дамыту көрнекіліктері мен құралдарын жасауға  – 1 адам, химиялық тазалау қызметі 2 адам өз істерін ашуға грант алды.

Бүгінде 8526 шағын және орта субъектілер жұмыс жасап тұр. Оның ішінде 4511 жеке кәсіпкер бар. Кейбіреуі өз күштерімен кәсібін жүргізіп жатса, кейбіреулері мемлекет берген қаржылай қолдаудың негізінде тіршілік жасап жатыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға, жұмысын жандандыруға сеп болатын екінші деңгейлі банктерден несие, бағдарламалар ұсынылуда. Аудан азаматтары, көпбалалы отабсыларды мүмкіндігінше қамтуға күш салудамыз, - дейді Жамбыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбай.

Иә, бүгінгі уақыт – ертеңгі күннің алғышарты. Уақытты босқа өткізбей, өзі үшін кәсіп баста, істің көзін таба білу – нарық заманының негізгі талабына айналғаны анық.

"Мемлекет мүмкіндігінше тірлігін тіктеймін деген азаматқа қолдау шарасын жасап жатқанда, темірді қызған тұста соға білу де – үлкен тәуекелді қажет етеді" дейді кәсіп иесі.

Түрлі істі кәсіп қылып, бірнеше салада бақ сынап көрегн біздің келесі кейіпкеріміз – Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылынан тігін цехын ашқан Ардақ Төленова. Ардақ та қайтарымсыз грант алып, ауылдан цех ашқан.

Тігін цехы әзірше көпбалалы ананың үйінің шағын бір бөлмесінде орналасқан. Түрлі киімдерді қысқарту, жеңіл, сәнді көйлектерді пішу, тігу секілді жұмыстарды атқарып, жан-жақтан тапсырыс алып жүрген Ардақ Төленова алдағы уақытта кәсібін кеңейтпек ниетте талпынып жүр.

Несиеден несібеге өрлеген кәсіп иелері

Болашақта кәсіпкер тапсырыстар ауқымын ұлғайтып, ауыл ішіндегі кеңірек жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жанына өзі секілді тігін саласынан хабары бар, қолынан іс келетін қыз-келіншектерді жұмысқа алуды көздеп, әзірге бар шаруаны бір өзі дөңгелентіп жүр.

Ардақтың арғы аналары да ине-жіптің иірімін тапқан шеберлер болған екен. «Шеше көрген тон пішер» деген сөздің дәлелі – осы Ардақ.

Тұрмысқа шығып, баламен біраз уақыт үйде отырып қалдым. Әні бастаймын, міні бастаймын деп жүргенде, уақыт өтіп жатты. Балалардың да сұранысы жоғары қазір. Оның үстіне көпбалалы ана болған соң құр қарап отырғаным жарамас деп тәуекелге бел буып, осы істі қолға алдым. Енді, әрине, қазір анау айтқандай, көп тапсырыс орындай алмаймын. Бірақ, күнделікті жұмыс жүріп тұр, - дейді он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері Ардақ Төленова.

Ардақтың айтуынша, «көз – қорқақ, қол – батыр» деген рас сөз. Өзінің аналарынан көргенін көңілге түйген кәсіп иесі бүгінде жаңашылдықпен іс жүргізуге құмар.

Елде жұмыс істеуге ниет болса, екі қолға бір күрек табылады. Ауылда тұрып-ақ еңбек етіп, кәсіп қылып, түрлі істі атқаруға болады. Сәл қолдау болса, біздің алмайтын асуымыз жоқ қой, - дегенді де қосып қойды тігінші ана.

 

Дәнекерлеуші Ержан

Ал Ақбұлым ауылының тұрғыны Ержан Атамбаев «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант алып, ауласында темірден түйін түйіп, еңбегінің жемісін көріп келеді.

Ержан алған қаражатына дәнекерлеу құрылғысын сатып алып, түрлі тапсырыстарды орындап жүр. Арасында басқа ауыл-аймақтағы тұрғындардың сұранысын да орындап, шақырту арқылы табыс табуда.

«Ерінбеген адам барлығын жеңеді» деген ұстаным ұстанған Ержан ның енді беталысы – үй ауласынан шағын ғана цех ашып, жұмысын ары қарай жандандыру.

Несиеден несібеге өрлеген кәсіп иелері

Ауылдық жердің қым-қуыт тірлігімен айналыса жүріп, ерінбей-жалықпай ақ-адал еңбек еткен жандардың жұмысына біз де сәттілік тіледік.

Өзгелердің жаңалығы