Егер қаржылық жағдайыңыз нашарлап, несие бойынша төлемдерді уақытында төлеу мүмкіндігі болмаса, банк шарт талаптарын өзгерте алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл процесс қарызды қайта құрылымдау (реструктуризация) деп аталады. Ол ай сайынғы жүктемені азайтуға және төлем мерзімін өткізіп алмауға көмектеседі.
Банк табыстың төмендеуіне қатысты объективті себептер болған жағдайда өтінішті қарастырады. Оларға мыналар жатады:
Табыстың азаюы немесе жұмыстан айырылу;
Ауыр сырқат немесе мүгедектік;
Бала күтіміне байланысты демалыс;
Әскери қызметке шақырылу;
Төтенше жағдайлар (мысалы, өрт немесе мүлікті ұрлау).
Өтінішті неғұрлым ерте берсеңіз, айыппұлдардан, несие тарихының нашарлауынан және ықтимал сот істерінен аулақ болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Қалай өтініш беруге болады?
Өтініш беру үшін банкке хабарласып, қаржылық қиындықтардың себебін түсіндіру қажет. Сонымен қатар растайтын құжаттарды (мысалы, табыс туралы анықтама немесе медициналық қорытынды) қоса беру керек. Әдетте, банк өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарастырып, шешімдер ұсынады.
Банк қандай шараларды ұсынуы мүмкін?
Несие мерзімін ұзарту - төлем азаяды, бірақ жалпы артық төлем мөлшері өсуі мүмкін;
Пайыздық мөлшерлемені төмендету;
Төлемдерді белгілі бір мерзімге шегеру (кейінге қалдыру);
Айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін есептен шығару.
Егер банк бас тартса, банктегі несиелер бойынша банк омбудсменіне, ал МҚҰ-дағы (микроқаржы ұйымы) қарыздар бойынша микроқаржы омбудсменіне жүгінуге болады. Сондай-ақ, ескі қарызды өтеу үшін тиімдірек шарттармен жаңа несие рәсімдеу, яғни қайта қаржыландыру (рефинансирование) нұсқасын да қарастыруға болады.
Жағдайға бейжай қарауға болмайды. Несие берушіге уақытында жүгіну борыштық жүктемені азайтуға, айыппұлдардан құтылуға және қаржылық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін алған несиеңізді төлей алмай қалсаңыз не істеуге болатынын жазған болатынбыз.
Тағы оқи отырыңыздар:
Кредит талаптары күшейеді, бірақ адал төлеушілерге жеңілдік болуы мүмкін
Қазақстанда несие алу қиындай ма? Ұлттық банк түсіндірді
Қазақстанда ипотека шарттары өзгереді