Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов Қазақстанда халыққа кредит беру мәселесі ұзақ жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтып, бұл бағытта жаңа өзгерістер болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, елде бір адамның бірнеше несиесі болуы жиі кездеседі. Орташа есеппен азаматтарда екі-үш кредиттен бар, бұл мәселені жүйелі түрде қарастыруды талап етеді.
Осыған байланысты шілдеден бастап елімізде кредит беру талаптарын күшейту көзделіп отыр. Алайда барлық азаматтарға бірдей талап қолданылмайды.
Өз несиесін уақытында төлеп жүрген азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін. Ал керісінше, төлем тәртібін сақтамайтындар үшін талаптар қатаңдайды, – деді депутат.
Сонымен қатар, ол бұл мәселенің тек заңмен ғана шешілмейтінін атап өтті. Қошмамбетовтің пікірінше, қоғамда қаржылық мәдениетті қалыптастыру маңызды.
Ол кей азаматтардың қажетсіз заттарға, мысалы жаңа смартфондарға несие алатынын сынға алып, мұндай шешімдер саналы түрде қабылдануы тиіс екенін айтты.
Қаржылық сауаттылықты мектептен бастап үйрету керек. Адам табысынан артық шығын жасамауы тиіс, – деді ол.
Депутаттың өзі де қажет жағдайда несие алатынын жеткізді. Мәселен, ипотека мен автокөлікке кредит рәсімдегенін, алайда мұндай шешімдерді қаржылық мүмкіндігін ескере отырып қабылдағанын айтты.
Депутат кредит саясатын қатаңдатумен қатар, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру басты міндет екенін атап өтті.