Непал билігінің мәліметінше, 29 тамызға дейін ел аумағында 626 адамның мәйіті табылған, ал 2,4 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Қытайдың Тибет аймағында да адам шығыны бар, 554 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Ең күрделі жағдай Читван ауданында қалыптасқан. Мұнда 233 адамның мәйіті табылғанымен, олардың басым бөлігі анықталмаған. Мәйіттер тез бұзылып, оларды сақтайтын салқындату орындарының жетіспеуі жағдайды қиындатқан. Сондықтан билік 229 адамның мәйітін жерлеуге шешім қабылдаған.
Жерлеу алдында әр мәйіттен ДНҚ үлгісі алынып, арнайы сәйкестендіру нөмірі беріледі. Кейін туыстарының ДНҚ-сымен сәйкестік анықталған жағдайда, жерленген адамның кім екені белгілі болуы мүмкін.
BILD мәліметінше, су тасқыны кезінде кейбір құрбандарды су ағыны 100 шақырымға дейін алып кеткен. Мәйіттердің бір бөлігі қатты зақымданғандықтан, оларды сыртқы белгілері арқылы анықтау мүмкін емес.
Непалдың Kathmandu Post басылымы да мәйіттер мен адам денесінің бөліктері өзен жағалауларынан табылып жатқанын хабарлады. Мамандардың айтуынша, мәйіттерді ұзақ уақыт сақтайтын орындардың жетіспеуі әрі олардың шіруі қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіре бастаған.
Құтқару жұмыстары жалғасып жатқанымен, хабар-ошарсыз кеткендердің саны әлі де жоғары. Непал билігі қаза тапқандарды анықтау үшін ДНҚ сараптамасын негізгі тәсілдердің бірі ретінде қарастырып отыр.