Непал инвесторы Шымкенттегі ірі жобаны қаржыландырады

17 Мамыр 2019, 20:13
2543
Бөлісу:
Непал инвесторы Шымкенттегі ірі жобаны қаржыландырады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Непал елінің ірі бизнесмені Бинод Чаудхари Шымкентте салынатын Happy land отбасылық ойын-сауық кешеніне инвестиция құяды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин мәлімдеді.

Әкім орынбасары Данат Жуминнің айтуынша, Chaudhary group халықаралық холдингінің негізін қалаушы, доктор Бинод Чаудхари Шымкентте Happy land отбасылық ойын-сауық кешеніне инвестиция салуға дайын. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында инвестор Бинод Чаудхари, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Рашид Аюпов пен «Kazakh invest» ұлттық компаниясы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы төрт жақты меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес аталған инвестор ойын-сауық кешенінің құрылысына 60 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

«Біз өткен жылы Disney Land кешеніне ұқсас отбасылық ойын-сауық паркін салу жоспарымызды жарияладық. Мұндай парктің ашылуы Шымкент туризмін дамытуға үлкен үлес қосатынына сенеміз. Бірақ, бұған қаржы қажет. Біз сенім артқан серіктесіміздің жобаны жүзеге асыруға қаржысы жетпеді. Сондықтан да тез арада басқа инвестор іздестірдік. Таяуда непалдық миллиардер Бинод Чаудхаримен кездестім. Оның 80-нен астам компаниядан тұратын ірі конгломераты бар. Ол қаржы салуға қызықты. Аз уақыт ішінде қаржы институттарымен, инвестициялық қорлармен, уәкілетті органдармен кездесіп, барлығы тарапынан жобаны қолдауға келісімдерін алдық. Нәтижесінде, инвестор да біздің құлшынысымызды бағалап, инвестиция құюға дайын екенін айтты. Бұл шешімін премьер-министр Асқар Маминге хабарлады. Сосын осы шешімін растап, сәйкес құжатқа қол қойылды», - деп жазды Данат Жумин фейсбуктегі парақшасында.

Happy land отбасылық ойын-сауық кешені аквапарк, SPA & Resort қонақ үй, аттракциондар, жабық ойын-сауық орталығы, табиғат паркі және гольф-клуб секілді алты сегменттен тұратын ең ірі заманауи, отбасылық ойын-сауық кластеріне айналады.

«Бұл жобаны жобаны жүзеге асыру үшін «Shymkent» ӘКК тарапынан Шымкенттің Таштракт елдімекенінен жер телімі бөлінеді. Жобаның жалпы құны 20 млрд 625 млн теңгені құрайды», - дейді Рашид Аюпов.

Өзгелердің жаңалығы