Немерелерім де ата кәсіпті жалғаса деймін – темірдей теміржолшы

Кеше, 15:37
277
Бөлісу:
Немерелерім де ата кәсіпті жалғаса деймін – темірдей теміржолшы
PHOTO
Фото: автордан

Ғасырға жуық уақыт шеңберінде теміржолда жұмыс істеп келе жатқан Сегізбаевтар отбасын бірі білсе, бірі білмейді. Осы ретте біз Егінсу станциясының электромеханигі, әулеттің үлкені Амантай Сегізбаевпен дидарласқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Амантай Жамантайұлы, Егінсу ауылы – қысы суық, жазы ыстық мекен. Темірдей теміржолшының өзін қажытып жібереді. Неге осы саланы таңдадыңыз?

Мен үшін осы топырақтан артық аяулы жер жоқ. Ескі заманда жасыл желекке толы, тоғаны көп мекен болатын. Қызылағаш су қоймасы салынғаннан кейін, ауылдың ішін құрғақшылық басты. Бала күнімізде балық аулайтын көлдердің табаны суалды. Қазір құм құрсанған ауыл болып тұр. Мал шаруашылығынан бөгде кәсіп қалмады. Егін егуге қолайсыз, ауа райы жазда ми қайнатады, қыста үскірік аяз кісіні алысқа ұзатпайды. Бүгінде халықты ұйқыдан оятатын осы – пойыз жолы. Менің әке-шешемнің тері сіңген шойын жол. Жарты ғасырға жуық осы рельсті қардан тазалап, кеткен кем-кетігін түзетіп жүрді. Әкем Жамантай Сегізбаев осы станцияда ғұмыр бойы еңбек етіп кетті. Біздің теміржолшы болғанымызды қалады. Міне, әке жолын жалғау бізге де бұйырыпты.

Немерелерім де ата кәсіпті жалғаса деймін – темірдей теміржолшы
Фото: автордан 

Дау жоқ, әке жолы – асқақ жол! Бірақ бізді қызықтырғаны ол емес, сіздің балаларыңыздың да ата жолына түскені...

Иә, екі ұлым да осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Теміржол саласында еңбек ету оңай емес, әсіресе қазіргі заманы бөлек жастарға. Балаларыма басқа саланың тетігін ұстауын айтқаныммен, айналып осы салаға келді. Қазір тұңғышым Асыл Жамантаев менің жанымда электромеханик (КТСМ) болып қызмет етеді, ал екінші ұлым Ілияс Жамантаев жақында электромонтёр (БУТИ) ретінде жұмысын бастады. Әрине, әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Алайда күннің қақаған суығында рельсті толықтай тексеріп шығу қиынның қиыны. Жаяу жүресіз, аяқтан аяқ қалмайды. Менімен жасты жігіттердің көбі түрлі ауруға шалдықты. Балаларыма үнемі жылы киініп жүруін сұраймын. Жас қой қазір, жанып тұр. Алайда денсаулықты күткені абзал.

Ұлдарыңыз "теміржолда істеймін" дегенде қандай сезімде болдыңыз?

Мен қарсы болмадым. Әр жұмыстың өз қуанышы мен қиындығы бар. Ең бастысы – адал еңбек ету. Үлкен ұлым Жамбылдағы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде электромеханик мамандығын тәмамдап, зейнетке шыққан әкемнің орнына келді. Бүгінде жұмыс істеп жүргеніне 8 жылдан асты. Биыл отбасын құрып, жеке шаңырақ болып шықты. Екінші ұлымның негізгі мамандығы суретші. Бала күнгі арманы жетелеп келді ме, Талдықорғанда біраз оқығаннан кейін, теміржолда істеуге бел байлады. Қарсы болмадым. Ал келіншегім балабақшада тәрбиеші болып істейді. Әке-шешем теміржолда істегендіктен бе, немерелері де апа-аталарына қатты еліктеп өсті. Әулетте 7 ағайындымыз. Қара шаңырақтың иесі ретінде мен ауылда қалдым. Өзімнің 5 балам бар: 4 ұл, 1 қыз.

Өзіңіз станцияда қай жылдан бері жұмыс істеп келесіз?

Міне, ширек ғасыр болды. 2000-жылдардың басында әкем ертіп келіп еді, содан бері осы шағын станцияның ішіндеміз. Бүгінде аға электромеханик (КТСМ) болып қызмет етіп жүрмін. Бұл өзі көпшілікпен ұйымдаса отырып, іске асатын жұмыс қой. Қыстың ызғарында теміржолда істеу әжептәуір қиындық туғызады. Менің міндетім – мына бекеттен өтіп жатқан құрамдардың қызып келе жатқан дөңгелектерін тексеру. Алдымдағы компьютерлер арқылы реттеу жұмыстарын жүргізіп, барлық үдерістерді жіті бақылауда ұстап, мұқият қарап отырамын. Қызып келе жатқан дөңгелектер анықталған жағдайда жедел түрде дабыл беріліп, ақпарат компьютерлерге дереу жеткізіледі. "Дабыл 1" деп шыққанда: дөңгелек айналмай келе жатыр дегенді білдірсе, "Дабыл 2" жедел төтенше жағдайды меңзейді. Егер дабыл қарқынымен пойыз тоқтамай жүре беретін болса, темір доңғалақтар істен шығады. Мұндай жағдай жол апатына әкелуі мүмкін.

Немерелерім де ата кәсіпті жалғаса деймін – темірдей теміржолшы
Фото: автордан 

Дөңгелектің қызғаны анықталса, қандай шаралар қолданасыздар?

Мәселен, пойыз менің қарауымдағы шекарадан өтіп бара жатқан кезде машинистке алдын ала шұғыл хабар беріліп, ол пойызды дереу тоқтатады. Сейкесінше, бәрі тексеріледі, жүруге рұқсат болған жағдайда пойыз жолын жалғастырады. Кей жағдайда "ауыл-аймақтағы бекетке кіруге болмайды" деген хабарламалар да болуы ықтимал. Ондай жағдайда Үштөбеден жұмысшылар келіп, дөңгелектерді ауыстырады, артынша, пойыз баяу жүретін болады. Жолаушы пойыздар да бекетте тоқтап тұрады. Біздің тараптан жүруге рұқсат берілмегенше қозғалуға тыйым салынады.

Мұндай сәттерде жолаушылар қайтеді? Дөңгелекті ауыстыру ұзақ уақытты алатын шығар...

Әдетте, 1-2 сағатты қамтуы мүмкін. Бұл ақаудың күрделілігімен тікелей байланысты. Пойыздар қатарында жүк пойыздары да, жолаушы пойыздары да бар. Біз "ішінде жолаушылары бар екен" деп діттеген жеріне жібере алмаймыз. Техникалық ақауларды уақытында ретке келтіріп отырған дұрыс. Себебі дөңгелектер қызып, рэльстен шығып кететін болса, вагондардың аударылуы мүмкін. Бұл адам өміріне де қауіп төндіреді. Сондықтан алдын алу жұмыстарына аса мән береміз. Қазір бәрі электронды түрде баяндалады. Біздің қолымыздан келмеген шаруаларды арнайы мамандар келіп атқарады.

Егінсу станциясынан отандық пойыздар ғана өте ме, әлде халықаралық пойыздар да қатынай ма?

Күніне оң және сол жақ теміржолдарды қоса санағанда 25-30 пойыз өтеді. Ал айына 560-700 пойыз қатынайды. Егінсу станциясы бақылаушы станция болып саналады. Біз өзімізге қарасты 17-32 шақырым жолды тексеріп отырамыз. Мұнда "пригородный" (қала маңындағы) пойыздар ғана тоқтайды. Қалғандары ауа райына болмаса техникалық ақауларға байланысты уақытша кідіріс жасамаса, станцияға тоқтамайды. Жүк пойыздарының ел ішіндегі соңғы нүктесі Семей қаласы, одан ары қарай Ресейге дейін кете береді. Қытайға жүк тасымалдайтын пойыздар да бар.

Немерелерім де ата кәсіпті жалғаса деймін – темірдей теміржолшы
Фото: автордан 

Мемлекет басшысы биыл "жұмысшы мамандықтарының жылы" деп жариялады. Біз көбіне сіз секілді нағыз еңбек адамдарын бағалай бермейміз. Осы орайда үкімет тарапына қоятын талаптарыңыз, тілек-арызыңыз бар ма?

Егінсу станциясында 10-ға тарта қызметкер бар. Бұл салаға да жастар біртіндеп келіп жатыр. Мен 25 жыл еңбек етіп, 230 мың теңге айлық аламын. Жылына 2 рет сыйақы беріледі. Қыста пойыз тоқтамас үшін барлығымызға қар күреңдер деген тапсырма беріледі. Арнайы техника жоқ, қолымызға күрек алып жолды ашамыз. Оған азын-аулақ сыйақы төленеді. Ұжым болып жұмыла 17 шақырымды қарапайым күрекпен күрейміз. Теміржол жұмысы оңай жұмыс емес, жалақымызды көбейтіп, зейнет жасын 55-ке түсірсе деген ұсынысымыз бар. Қаншама жігіттер аяғынан суық өтіп, түрлі ауруға душар болды. Оны ескеру керек.

Немерелеріңіздің де теміржолшы болғысы келсе, рұқсатыңызды берер ме едіңіз?

Әрине, алма ағашынан ұзаққа түспейді. "Әке көрген оқ жонар" деген қазақ халқы. Еліне адал азамат болса, одан артық бақыт бар ма?!

Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы