Неліктен қазақстандықтарға АҚШ визасы берілмейді: СІМ жауап берді

Қазақстандықтардың 45%-ына АҚШ визасы берілмейді.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:23
Бүгiн 2026, 17:23
298
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтардың шамамен 45%-ына АҚШ визасы құжаттарының белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты берілмейді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжаттар мен талаптарды сақтау – басты себеп

Ерлан Жетібаевтың айтуынша, виза беру туралы шешім ұсынылған құжаттар топтамасы мен өтініш берушінің барлық талаптарды сақтауына қарай қабылданады.

Ең алдымен бұл құжаттардың талаптарға сәйкестігіне байланысты. Өтініш беруші ұсынатын құжаттардың белгілі бір тізімі бар. Егер құжаттар талаптарға сай болса, азамат тарапынан қандай да бір заңбұзушылықтар болмаса және бәрі дұрыс рәсімделсе, виза беру туралы шешім қабылданады, – деді ресми өкіл.

Ресми өкілдің айтуынша, кей жағдайда өтініш берушіден қосымша ақпарат немесе құжаттар сұралуы мүмкін.

Менің білуімше, көп жағдайда қосымша құжаттар тапсырылғаннан кейін азаматтар визаны мақұлдатуға қол жеткізеді, – деді Ерлан Жетібаев.

Ресей азаматтарына артықшылық берілетіні туралы дерек жоқ

Ресей азаматтарына Қазақстан арқылы өтініш берген кезде АҚШ визасы жиірек мақұлданады деген ақпаратқа қатысты Ерлан Жетібаев мұндай статистика Сыртқы істер министрлігінде жоқ екенін айтты.

Сұрақтың ресейліктерге қатысты бөлігіне келсек, олардың визаны мақұлдату көрсеткіші жоғары деген ақпарат жоқ. Менің білуімше, АҚШ елшілігі тарапынан мұндай статистика жарияланған да, ресми мәлімдеме жасалған да жоқ, – деді ол.

Оның сөзінше, әрбір өтініш жеке қаралады, ал бас тарту себептері көбіне құжаттарды рәсімдеудегі техникалық мәселелерге байланысты болады.

Мұндай бас тартулардың негізгі себептері құжаттар мен олардың қойылатын талаптарға сәйкестігіне қатысты. Әртүрлі жағдайлар кездеседі: сауалнаманы толтыру кезінде жіберілген қателіктер, сақтандыруға, әуе билеттеріне немесе өзге де құжаттарға қатысты мәселелер болуы мүмкін. Әрбір жағдай жеке қаралады, – деп түйіндеді Ерлан Жетібаев.

Сыртқы істер министрлігінде құжаттарды дұрыс рәсімдеу және визалық талаптардың барлығын сақтау АҚШ визасын алудың негізгі шарттары болып қала беретінін атап өтті.

Наверх