Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында неліктен қалалықтарға қарағанда ауыл тұрғындары сайлауда белсенді болатынын түсіндірді.
Сарапшы мегаполистер – ерекше әлеуметтік орта екенін атап өтті.
Әрине, мегаполистің білім деңгейі жоғары. Бірақ сайлау деңгейі төмен. Бұл әлемдік тенденция. Қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындары жиірек сайлауға барады. Оны өткен парламент, президент сайлауында байқадық. Себебі мұнда жеке фактор да үлкен рөл атқарады, - дейді маман.
Айгүл Сәдуақасова қала тұрғындары көбіне өзінің жеке жоспарына көбірек мән беретінін айтады.
Белсенді болғанымен, саяси сұраққа араласуы аз. Ал ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар жергілікті мәселелерге өте мұқият қарайды. Өзара қандай өзгеріс болатынына назар аударады. Бұл да әлемдік тренд. Аймақтарда партиялар жұмысын қаншалық ұйымдастырса, соншалық нәтиже болады, - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Айгүл Сәдуақасова сайлау алдында жүргізілетін сауалнамалар туралы айтты.
Электоралды зерттеулер дәстүрлі түрде жүргізіледі. "Егер сайлау келесі демалыста болса қатысасыз ба, қай партияға дауыс бересіз?" дегендей сұрақтар қойылады. Негізгі талқылап отырған сұрағымыз: "Сайлауға қатысушылар пайызы қанша болады? 2019-2023 жылдары болған сайлаулар мен қазіргі сайлаудың ерекшелігі не?", - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, сауалнама нәтижесінде 70-75 пайыз аралығында респонденттер "иә, сайлауға барамыз" деп жауап беріп жатқан көрінеді.
Бірақ талдау жасаған кезде бірнеше факторды есепке алу керек. Дауыс беруші қай өңірден, жас аралығы, білім деңгейі ықпал етеді. Болып жатқан саяси науқанның динамикасы да әсер етеді. Қазіргі уақытта ақпаратты сайлаушылар өздері іздеп келмейді. Сайлаушыға ақпаратты жеткізу керек, - деп түсіндірді сарапшы.