Қазақстанның экономикалық дамуына қатысты ерекше формуланы Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров «Ақ жол» партиясының төрайымы Дания Еспаевамен болған пікірсайыс кезінде айтты. Онлайн дебат тележүргізуші Динара Сәтжанның YouTube арнасында өтті. Бұл – қазіргі сайлау науқаны аясындағы телеарнада емес, YouTube платформасында өтіп жатқан алғашқы саяси дебат. Бұған дейін партиялар арасындағы мұндай пікірсайыстар негізінен телеарналар эфирінде өткізілетін.
Кәсіпкерлікті қолдау, несие беру және өндіріс мәселелері талқыланған кезде Ходжаназаров Абай мен оның әкесі Құнанбайды мысалға келтірді.
Бүгін – Абай күні. Абайды Абай еткен не екенін білесіздер ме? Ол – Құнанбайдың байлығы. Егер Құнанбай бай болмаса, Абай Абай болмас еді. Өйткені оның уақыты болмас еді, – деді саясаткер.
Осыдан кейін Respublica партиясының лидері бұл тарихи мысалды қазіргі экономикамен байланыстырды.
Елімізде Құнанбайлар неғұрлым көп болса, Абайлар да соғұрлым көп болады, – деді ол.
Оның түсіндіруінше, бай азаматтың көп болуы – мемлекеттің де бай болуына ықпал етеді.
Ходжаназаровтың айтуынша, мәселе тек өндіріс көлемін немесе жұмыс орындарының санын арттыруда емес. Оның пікірінше, басты мақсат – әр азаматқа өзін жүзеге асыруға және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік беру.
Біз азаматтарымыздың байығанын қалаймыз... Әр адамның қазақстандық арманын жүзеге асырып, Құнанбайға айналуға мүмкіндігі болғанын қалаймыз, – деді саясаткер.
Respublica мен «Ақ жол» арасындағы дебат сайлау науқаны қарсаңында өтіп жатыр. 23 тамызда Қазақстанда бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына құрылған Құрылтайға сайлау өтеді. Жаңа өкілді органдағы орындар үшін жеті саяси партия сайлаушылардың дауысын алуға таласуда.