Сенат кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов соңғы уақытта доллардың көтерілуіне қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Доллардың 520 теңгеге дейін күрт көтерілуі сезілетін жағдай. Бірақ бұл өсім қандай деңгейден басталғанына назар аудару қажет. Соңғы күндері доллар 515-517 теңге шамасында саудаланды. Яғни абсолюттік және пайыздық тұрғыдан қарасақ, бұл аса үлкен өсім емес. Негізгі факторларға тоқталсақ, біріншісі – демалыс маусымының басталуы, - деді ол.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, доллардың қымбаттауына әсер еткен негізгі себептердің бірі – жазғы демалыс маусымының басталуы. Бұл кезеңде халықтың шетел валютасына, әсіресе АҚШ долларына сұранысы артады.
Бюджеттік және квазимемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру басталды. Бюджет рәсімдері мен мемлекеттік сатып алуға қатысты ережелерге сәйкес, бюджеттен бөлінген қаражат нақты жұмсалатын мекемелерге яғни бюджет әкімшілеріне шамамен маусым айында жетеді. Осыған байланысты инвестициялық жобаларды белсенді жүзеге асыру кезеңі басталды. Бұл жобалардың көпшілігі жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сияқты импортқа тәуелді. Сондықтан сауда көлемі де артты. Соңғы күндері биржадағы сауда айтарлықтай өсті, - деді ол.
Оның айтуынша, егер өткен аптада орташа тәуліктік сауда көлемі 240-250 миллион доллар болса, биылғы аптада ол 300–330 миллион доллардан асып отыр. Доллар бағамының ары қарай өсуіне негіз болатын нақты себептер байқалмайды.
Біз болжам жасай алмаймыз, дегенмен негізгі екі фактор маусымдық сұраныс пен бюджеттік бағдарламалардың іске асуы айтылды. Макроэкономикалық басқа факторларға келсек, ішкі экономика тұрақты, өсім бар. Ал сыртқы факторларды ешкім нақты болжай алмайды. Бірақ бір оң фактор бар ол мұнай бағасының өсуі. Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстар және Ормуз бұғазы арқылы тасымалдарға төнген қауіп салдарынан Brent маркалы мұнай бағасы 77 доллар шамасында. Бұл қанша уақытқа созылары белгісіз. Бірақ қазіргі таңда бұл Қазақстан үшін экспорттаушы ел ретінде жағымды фактор. Сондықтан біз доллар бағамының күрт өсуіне негіз болатын түбегейлі алғышарттарды көріп отырған жоқпыз,-деді Тимур Сүлейменов.