NEET санатындағы жастар үшін 37 мыңнан астам кеңес өткізілді

25 Мамыр 2023, 22:20
954
Бөлісу:
NEET санатындағы жастар үшін 37 мыңнан астам кеңес өткізілді

Ертіс өңірінде жастар бастамалары орталығының кеңестік қызметіне жүгінген азаматтар саны артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Бүгінде облыста тұратын жастар саны 201 мың адамды құрады. Жас буын өкілдеріне тұрғын үймен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, психологиялық, кеңестік көмек, жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес беру мақсатында NEET санатындағы жастар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бөлім бар.

Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Жандарбек Қабдраштың айтуынша, өткен жылдың есептік кезеңінде 100 мыңнан астам кеңес өткізілген.

«Бұл кеңестердің алты мыңнан астамы офлайн-режимде жүргізілді. Ал жастарға берілген кеңестердің 97 мыңнан астамы онлайн режимде. Осы жылдың бірінші тоқсанында 37 мыңнан астам кеңес беріп үлгердік. Орталық мамандары өтініштерді қабылдап, апта сайын тіркеп отырады. Жастарға кеңес берумен қатар жұмыспен қамту, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту сияқты бағыттарда кешенді шаралар жүргізіліп келеді. Мәселен, «Тиімді таңдау» жобасы, «Көшпелі жұмыспен қамту қызметі», акциясы жүзеге асырылып жатыр», - дейді Жандарбек Қабдраш.

Ал «Made in Pavlodar» жобасы өңірдің жас кәсіпкерлерімен тансысуға арналған. Болашақ бизнесмендер, студентер мен оқушылар олардың тәжірибесі, жұмыстарының қыр-сыры туралы біле алады. Айта кетейік, жастарды жұмыспен қамту бағытына басымдық беріліп отыр. Өткен жылы 1500-ден астам жас азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.

Биыл үш бірдей бос орындар жәрмеңкесі өтті. Нәтижесінде 200-ден астам адам екі қолға бір күрек тапты. 

Өзгелердің жаңалығы