Не ішіп, не жеп жүрміз? Азық-түлік қауіпсіздігі - ғаламдық мәселе

6 Маусым 2023, 17:03
1078
Бөлісу:
Не ішіп, не жеп жүрміз? Азық-түлік қауіпсіздігі - ғаламдық мәселе
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ архив

БҰҰ-ның зерттеуі бойынша, осы ғасырдың орта тұсында 9 миллиардтан астам тұрғынды азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапалы ас - денсаулық кепілі. Әр жыл сайын әлемде 420 мың адам астан уланып бақилық болады. Бұл өте өзекті мәселе шет елдік және отандық ғалымдардың аса алаңдаушылығын тудырып отыр.

2023 жылдың 8-9 маусым күндері Елордада өтетін Астана халықаралық форумы аясында тағам сапасы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әлем елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі және экономикалық-транзиттік әлеуеті кеңінен талқыланатын болады.

Өздеріңіз білетіндей соңғы кездердегі геосаяси жағдайға байланысты әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі саласында қиындықтар болғанын білесіздер,-деді «QazTrade» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Ресей мен Украина азық-түлік пен ауыл шаруашылық өнімдерінің әлемдік саудасында шешуші рөл атқарады. 2021 жылы екі елден тасымалданған бидай экспорты  шамамен 30%-ды құраған. Украина жүгерінің төртінші ірі экспорттаушысы болды, ал күнбағыс майының экспорты екі елден де әлемдік сұраныстың 78%-ын жабуда. 

Қазақстанға келетін болсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тұрғысынан отандық өндіріс ішкі нарықты едәуір дәрежеде қамтамасыз етеді. Әсіресе, тауық еті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы тауық еті импорты 55,9%, ірімшіктер мен сүзбе  бойынша импорттың үлесі 50,6%  және қант импортының үлесі 49,2% құрады, - деді «QazTrade» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мемлекеттің аграрлық және экономикалық саясатының басты мақсаттарының бірі. Бастысы, халықты сапалы және қолжетімді бағадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету. Сондықтан, азық-түлік қауіпсіздігіне ұмтылу үздіксіз үдеріс болып табылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шеңберінде екі негізгі тетік пайдаланылады. Біріншісі, кәсіпкерлік субъектілерін «айналым схемасы» шеңберінде қаржыландыру және өңірлік тұрақтандыру қорларының тауарлық интервенциялары. Бірінші тетік бойынша әкімдіктер өндірісті ынталандыру және бөлшек сауда сегментіндегі бағаны тежеу үшін шамамен 95,9 млрд теңге бөлді. Екінші тетік бойынша тұрақтандыру қорларында 70 мың тонна көлемінде азық-түлік қоры жасалды және форвардтық шарттар шеңберінде - 88,1 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Бұл көлемдер ішкі нарыққа, сондай-ақ нарықтық бағадан төмен бағамен, атап айтқанда маусымаралық кезеңде немесе ішкі нарықтағы бағалар өскен жағдайда жіберілетін болады, - деді ол.

«Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» атты Астана халықаралық форумы аясында қант бойынша импортқа тәуелділікті қысқарту, экспорттық-транзиттік әлеуетті дамыту сынды азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзекті проблемалар талқыланатын болады.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Форумға 1000-нан астам шетелдік қонақтар келеді. Жалпы, форум әлемнің түкпір-түкпірінен келетін көшбасшылар мен беделді эксперттердің Астанада бас қоса отырып, маңызды мәселелерді шешуіне ат салысады деп күтіліп отыр. Қазақстан өзін әлемдік аренада барлық елдермен достық-сыйластық қарым-қатынас орнататын бейбіт мемлекет ретінде ұстайды.

Сонымен қатар, геосаяси ерекшеліктері мен көпвекторлы дипломатиялық ұстанымына байланысты мемлекетіміз әрдайым халықарлық шиеленістерді шешу және мәмілеге келу алаңы рөлін атқаруда. Сондықтан бұл кезекті форум Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы өз ұстанымын тағы бір мәрте нығайта түспек

Өзгелердің жаңалығы