Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалдастық туралы жобасының нәтижесінде бір емес, бірнеше ұйым құрылып, ол одақтар мемлекеттерді экономика мен саясат тұрғысынан біріктірді.
1994 жылы, наурыз айында бұрынғы кеңес одағынан енді ғана бөлініп шыққан жас мемлекет - Қазақстанды басқаруға келген Нұрсұлтан Назарбаев жаңа бір одақ құру туралы бастама көтерген еді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттеріне лекция оқуға барған Назарбаев ең алғаш рет еуразиялық ықпалдастық туралы идеясын Ресейде жария етті. Содан бері тура 25 жыл уақыт өтті. Назарбаевтың идеясы іске асты ма, оның нәтижесі қандай, болашағы бар ма?
25 жыл: Еуразиялық кеңістікте не өзгерді?
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалдастық туралы сол жобасының нәтижесінде бір емес, бірнеше ұйым құрылып, ол одақтар біраз мемлекеттерді экономика мен саясатта біріктіріп отыр деуге болады. 10 жыл бұрын, 2009 жылы әуел баста Ресей, Беларусь пен Қазақстанның ортақ кеден одағы құрылды. Кейін, 2014 жылы мамырда Еуразиялық экономикалық одақ пайда болып, Кедендік одақтың да, өзінің, яғни, Еуразиялық экономикалық одақтың да шекараларын кеңейтті. Қазір ЕАЭО-қа бес мемлекет - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы мен Ресей мүше.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болса 1994 жылы бұндай бірлесуді азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ете алатын және елдердің экономикасын тұрақты дамыта алатын қуатты экономикалық одақ ретінде көргенін айтады. Елбасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Идеядан шынайы болмысқа: Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық бастамасына 25 жыл" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға құттықтау хатын жібере отырып, өз идеясының нәтижелеріне тоқталған.
"Бүгін ол идея шындыққа айналды. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойғанымызға 5 жыл, ал еуразиялық ықпалдастық орнату туралы бастамаға 25 жыл толады. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ - сыртқы сауда айналымы 750 млрд доллардан асып отырған үлкен нарық. Одаққа мүше елдердің жалпы ішкі өнімін қоссақ, 2 трлн долларға жетеді, ал, одаққа мүше елдердегі халықтың саны 180 миллионнан астам", - делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында.
Ал, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин болса, еуразиялық ықпалдастық туралы Назарбаевтың жобасы бүгінде тиімділігін толық көрсете алған бастама дейді.
"Өткен ширек ғасыр уақытта еуразиялық кеңістіктегі елдер құқықтары бірдей мемлекеттерді ықпалдастыру идеясынан бастап, жемісті жұмыс істеп тұрған экономикалық одаққа дейінгі үлкен жолды артта қалдырды. Еуразиялық ықпалдастық туралы жоба өзінің тиімділігін толық көрсете алды. Одаққа мүше елдер сауда-экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық байланыстар орнатып отыр. Шекара маңындағы және аймақаралық ынтымақтастық дамып келеді. Әртүрлі салада бірлескен жобалар жүзеге асты. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық процестері Ресей мен Қазақстан арасында стратегиялық әріптестік орнату үшін жағдай жасап отыр", - делінген РФ Президентінің конференция қатысушыларына жолдаған лебіз хатында.
Ықпалдастық арқылы сапалы білімге
Конференцияға келген М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, Ресей ғылым академиясының академигі Виктор Садовничий еуразиялық ықпалдастық халықаралық білім мен ғылымға жол ашты дейді.
«Мен Нұрсұлтан Назарбаевты кеңес одағынан бері білемін. 1994 жылы еуразиялық интерграция туралы алғаш рет айта келе ол менен «ғылымды дамыту үшін тағы не істеуге болады» деп, кеңес сұрайтын. Бұл идеяның бір тармағы – жастарға сапалы білім беру. Астанада жаңа ұлттық университет ашарда, «Гумилевтің есімін берсем, қалай болады» деп сұрады. Ол университетті ашқан соң, Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын ашу туралы сөз қозғады. Астанадағы филиал – мемлекет басшысы деңгейінде талап етілген филиал еді. Осылайша, 2000 жылдың тамызында Қазақстанда ММУ-дің филиалын ашу туралы шешім қабылданып, сол жылдың қазанында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған ресми сапарының аясында филиал өз жұмысын бастады», - дейді конференцияда сөз алған Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий.
Виктор Садовничий жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға әзір екенін айта келе, ММУ тәжірибесін Қазақстан аймақтарына тарату туралы бастама көтерді.
«Еуразиялық ықпалдастыққа 40-тан астам ел қызығып отыр»
Конференцияға жиналған сарапшылар еуразиялық ықпалдастықтың әлеуеті әлі де зор екенін атап өтті. Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин бүгінде қырыққа тарта мемлекет Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен ынтымақтастық орнатуға мүдде танытып отырғанын жеткізді.
«Көптеген мемлекеттер болашақ бірігу мен ықпалдастықтан тұратынын түсініп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев 25 жыл бұрын осыны болжап, ықпалдасуға зор көңіл бөлу керек екенін айтқан еді. Қазір одақ аясындағы ықпалдастық тереңдеп, еркін тауар айналым мақсаты орындалды. Бұл Еурзаиялық одаққа мүше елдердің артықшылығын көрсетеді. Сондықтан да, қазір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес қырыққа тарта мемлекет осы ожақ елдерімен ынтымақтастық орнатуға мүдде танытты. Олардың арасында әрине Қытай мен Иран бар. Бұл екі ірі мемлекет еуразиялық нарыққа кіруге мүдделі», - деді журналистерге ол.
Одақтың экономикалық пайдасы қандай?
Конференцияға арнайы баяндама жасаған Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина одақтың саяси ерекшеліктерінен гөрі, экономикалық мүмкіндіктеріне баса назар аударды.
Оның айтуынша, әлем бойынша мұнай бағасы құлдыраған 2014-2016 жылдары әрине, одақтың да экономикалық көрсеткіштері төмендеп кеткен. Ол кезде Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы ішкі өнімі 2,2 пайызға азайғаны белгілі болды.
«Бірақ, әлемдегі жағдай тұрақталған соң, 2017 жылы одақ өзінің экономикалық әлеуетін жақсарта бастады. 2017 жылдан бастап, одаққа мүше елдер арасындағы өзара сауда 27,4 пайызға, 2018 жылы 59,7 пайызға артқан. 2018 жылғы өзара ортақ сауда 59,7 млрд теңгені құрады», - дейді Никишина.