Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 6 жазғы, 7 қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Осы байрақты бәсекелердің барлығында Қазақстан Туын салтанатты түрде ту ұстаушы спортшыға сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырып отырды. Енді биыл Токио Олимпиадасының қарсаңында спортшыларды Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтын болады.
4 маусым - Рәміздер күніне орай Олимпиада ойындарында Қазақстан Туын көтеріп шыққан спортшыларға бір тоқталып өтсек.
Қысқы Олимпиада ойындары
Қайрат Биекенов (1994, Лиллехаммер)
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ең алғаш 1994 жылы Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Норвегияда Қазақстан Туын шаңғымен трамплиннен секіруші Қайрат Биекенов ұстап шықты. Ол 90 метрге секіруден 49-орын алса, 120 метрге секіруден 58-орынға тұрақтады.
Қайрат Биекенов осы күні шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып қызмет атқарады.
Владимир Смирнов (1998, Нагано, қола медаль)
Щучинск қаласының тумасы Владимир Смирнов тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы. Наганодан 4 жыл бұрын Лиллехаммерде шаңғы жарысында 1 алтын, екі күміс еншілеген. Осыдан соң, Күншығыс елінде қазақ елінің Туы Смирновқа тапсырылды. 34 жасында осындай мәртебеге ие болған спортшы Наганода 15 шақырымға жарыста қола жүлдені қанағат тұтты.
Бүгінгі таңда Швейцарияда тұратын отандасымыз Қазақстанның Туын ұстап шығып, жүлдеге ие болған санаулы спортшылардың бірі.
Радик Бикчентаев (2002, Солт-Лейк-Сити)
Конькимен жүгіруші Радик Бикчентаев өзінің үшінші Олимпиадасында Ту көтеріп шықты. Өйткені спортшы 1999 жылы қысқы Азия ойындарында топ жарған. Осыдан кейін ел спортының басшылары Солт-Лейк-Ситиде Қазақстан Туын ұстап шығуды сеніп тапсырды.
Өкінішке қарай, бұл Олимпиада еліміз үшін сәтсіз аяқталды. Қазақстан бірде-бір медаль еншілеген жоқ. Бикчентаев 1500 және 5000 метрге жүгіріп, 19-орынға тұрақтады.
Александр Корешков (2006, Турин)
2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан Туын хоккейші Александр Корешков ұстап шықты. Өскеменнің әйгілі «Торпедо» командасының түлегі. Туринде өткен бәсекеде хоккейден Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде «В» тобында сынға түсіп, екі ұпаймен алты құраманың ішінде бесінші орын алды. Сөйтіп, іріктеуден іркілген құрамамыз Олимпиаданы ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Александр Корешков осы күні Қазақстан хоккей құрамасының бас менеджері болып қызмет атқарады.
Диас Кенешев (2010, Ванкувер)
Канаданың Ванкувер қаласында өткен Олимпиада ойындарында биатлоншы Диаш Кенешевке сенім артылды. Әрине, оның спорттық көрсеткіші Олимпиада жүлдеге ілігетіндерден тым алшақ болатын. Бірақ соған қарамастан, басқа себептері ескерілсе керек, ел Президенті Туды Диасқа табыстады. Өкінішке қарай, ту ұстаушы бұл дүбірлі додада көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.
Ердос Ахмадиев, (2014, Сочи)
Ресейдің Сочи қаласында Туды ұстап шығу шаңғышы Ердос Ахмадиевке сеніп тапсырылды. Ол Олимпиада ойындарында шаңғыдан 15 шақырымдық классикалық стильде жүру жарысында мәреге 54-орынмен келді.
Абзал Әжғалиев (2018, Пхенчхан)
Туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев көтеріп шықты. Бұл қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан Туын көтергендер арасында Владимир Смирновтан кейін спорттық көрсеткіші тәуірлеу болған спортшының бірі. Өйткені Абзал Олимпиадаға дейін 2016 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта алтын алған. Одан бөлек, 2017 жылы Алматыда өткен Қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері.
Абзал Оңтүстік Кореяда 500 метрге жекелей жарыста тоғызыншы келсе, 1500 метрге командалық эстафетада алтыншы орын алды.
Жазғы Олимпиада
Ермахан Ыбырайымов (1996, Аталанта, қола медаль, (2000, Сидней, алтын медаль)
Боксшы Ермахан Ыбырайымов екі Олимпиадаға қатысты. Соның екеуінде де Қазақстанның Туын ұстап барған спортшы. Оның үстіне, екі Олимпиададан жүлдемен оралды. Әзірге Назарбаевтың қолынан Ту алып, алтынмен оралған жалғыз спортшы.
Сидней Олимпиадасында Елбасының тапсырған Туын құлатуға хақым жоқ еді. Халқыма уәде бергенімнен кейін қиындықтың бәріне мойымай, шыдауға мәжбүр болдым. Еліме қалайша қиянат жасаймын, қалай мен жеңілемін, мен жеңілсем ту жығылмай ма? Сол сындарлы сағаттарда қайткен күнде де Туды құлатпай, төменге қарай еңкейтпеуім керек. Сол кезде тек қана алға деп атой салдым, – деген еді ер Ермахан бір сұхбатында.
Жасыл құрлықтағы Олимпиадан оралған соң, боксшы Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Елбасы сертінде тұрған саңлақты құшағына қысып, І дәрежелі «Барыс» орденін кеудесіне тақты.
Асхат Жіткеев (2004, Афины)
Афины Олимпиадасында Қазақстанның Туын дзюдо балуаны Асхат Жіткеев ұстап шықты. Асхаттың Олимпиадаға Ту ұстап шығуында мән бар. Өйткені ол 2001 жылы қазіргі Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровпен бірге Мюнхендегі әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген. Бұған дейін дзюдодан ешкім жүлде алмаған болатын.
Бірақ Афиныда жолы болмады. Есесіне, араға төрт жыл салып, Қытай астанасы Бейжіңде Олимпиаданың күміс медалін қанжығасына байлады.
Бақыт Ахметов (2008, Бейжің)
Қытай астанасы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында боксшы Серік Сәпиев Ту көтереді дегендер болған. Бірақ Сәпиев жарыстың алғашқы күндері рингке шығатындықтан Ту зілтемірші Бақыт Ахметовке табысталды. Спортшы 15 келіге дейін салмақта бақ сынап, бесінші орынға тұрақтады.
Бақыт қазіргі кезде ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері. Енді Токиоға бас бапкер ретінде қатысады.
Нұрмахан Тінәлиев (2012, Лондон)
Лондонда грек-рим күресінен алып балуан Нұрмахан Тінәлиевке аса қатты сенім артылды. Жанкүйерлер де балуаннан жүлде күтті. Күрес мамандары «бүгінгі заманның Қажымұқаны» дегендей теңеулер айтты. Өйткені Олимпиаданың қарсаңында екі жыл қатарына әлем чемпионатында жүлдеге іліккен еді. Бірақ психологиялық тұрғыда қысым болды ма, Нұрмахан Лондонда алғашқы белдесулердің бірінде жарыстан шығып қалды.
Руслан Жапаров (2016, Рио-де-Жанейро)
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында қазақтың көк Туын таэквондошы Руслан Жапаров ұстап шықты. Бойы ұзын, Тараз қаласының 20 жастағы спортшысы жүлдеге іліккен жоқ. Бәлкім, Риода оған Туды спорттық жетістіктеріне қарап емес, бойының ұзындығына байланысты табысталды ма екен? Ол жағын енді спорт басшылары жақсы білуі тиіс.
Ресейдің атақты балуаны, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Сеул (1988 ж.), Барселона (1992 ж.) және Атланта (1996 ж.) Олимпиадасында топ жарған Александр Карелин Сиднейдегі сәтсіздігін Ту көтеріп шықпауымен байланыстырыпты. Өйткені ол бұған дейін екі Олимпиада ойындарында Ту көтерген. Сиднейде Ресейдің Туын көтермеген соң, финалда жеңілдім дегендей айтты. Ал бізде Ту көтеруден жүлдеден үмітті спортшылар қашқақтап жатады. Өйткені жауапкершілік көп артылып, қысымға шыдамай қалам ба деп қорқатындар бар. Сондықтан көбіне жүлде әкелуден үміті аз спортшылар ұстап жүреді. Бірақ олай болмайды деп ойлаймыз. Токиоға спорттық көрсеткіштері жақсы спортшы Ту ұстап барады деп үміттенеміз.