Назарбаева оқушыларға Динаның 160 жылдығына орай 160 домбыра сыйлады

26 Қазан 2021, 19:22
13161
Бөлісу:
Назарбаева оқушыларға Динаның 160 жылдығына орай 160 домбыра сыйлады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 оқу-тәрбие мекемесінің 160 оқушысына 160 домбыра сыйға берілді. Музыкалық аспаптарды «Дегдар» гуманитарлық қорының Қамқорлық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева табыстады.

Назарбаева оқушыларға Динаның 160 жылдығына орай 160 домбыра сыйлады

«Дегдар» гуманитарлық қорының жаңа қайырымдылық жобасы күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы аясында өтті. Жобаның гуманитарлық мақсаты – домбыра сатып алуға мүмкіндігі жоқ талантты балаларға қазақтың киелі музыкалық аспабын табыстау. Арнайы жасалған 160 домбыра ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге берілді. Сонымен қатар бұл жоба «күй анасы» атанған Дина Нұрпейісованың бай мұрасын дәріптеуге, ұлттық өнердің насихатталуына үлес қосуды көздейді.

«Дегдар» гуманитарлық қорының Қамқорлық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева атап өткендей, домбыра ежелден бері музыкалық мәдениетіміздің басты символы болып келеді.

Назарбаева оқушыларға Динаның 160 жылдығына орай 160 домбыра сыйлады

«Дегдар» гуманитарлық қоры мектептер мен балалар ансамбльдеріне музыкалық аспаптар сыйлайды, соның арқасында домбыра тартып үйренсем деген талай баланың тілегі орындалады. Бұл сыйлығымыз әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығымен орайлас келіп отыр. Ол өзінің таланты мен музыкаға деген махаббаты мен туған жерге сүйіспеншілігінің арқасында «Күй анасы», тұңғыш әйел-композитор атанды. Оның күйлерінде даланың тылсым даусы мен бұлбұл құстың әсем үні бар – деді Дариға Назарбаева.

Домбыра ежелден бері музыкалық мәдениетіміздің басты символы болып келеді.

Бар болғаны екі шекті көне аспапта туған жеріміздің сұлулығы мен сырлы сезім тұнып тұр. Қазіргі музыка әлемі өте бай, алуан түрлі. Ал дәстүрлі өнерді таңдаған сіздердің шәкірттеріңіз үшін заманауи компьютерлік технология домбыраның ғажап даусына көлеңке түсіре алмапты. Мен бұған өте қуаныштымын. Ұлттық музыкаға құштар балалар көп болған сайын, ұлтымыздың болашағы жарқын, рухы жоғары болатынына сенеміз. Құрметті мектеп басшылары және ұстаздар! Мен сіздерге осы аспаптарды сыйға тарта отырып, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде сәттілік пен төзімділік, ізгілік пен мейірім тілеймін! Ал талантты жастарға шығармашылық табыс тілегім келеді. Біз сіздерді еліміздің ең үлкен сахналарынан көретін болайық! – деді Дариға Назарбаева.

Назарбаева оқушыларға Динаның 160 жылдығына орай 160 домбыра сыйлады

Іс-шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, өз кезегінде, педагогтарға және балалар музыка мектептерінің, ансамбльдердің жетекшілеріне алғыс білдірді:

Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген киелі сөз бар. Күй өнерін хас шеберлігімен аспандата білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісованың да бағыт берген ғұлама ұстаздары болған, алдымен оның әкесі, содан кейін ұлы Құрманғазының өзі оның музыкаға қызығушылығын қолдап, талантын ұштаған. Бүгінгі жиында балаларды және өз ісін жақсы көретін осындай тәлімгерлер бар екеніне кәміл сенімдімін. Осынау орайлы сәтті пайдалана отырып, сіздер арқылы барлық педагогтарға, балалар музыка мектептерінің, ансамбльдердің жетекшілеріне баға жетпес еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді!- деді министр.

Назарбаева оқушыларға Динаның 160 жылдығына орай 160 домбыра сыйлады

Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы аясында өткізіліп жатқан көптеген іс-шаралардың арасында «Дегдар» гуманитарлық қоры ұйымдастырған жобаның орны бөлек екенін күйшінің шөбересі Төлеген Қуанышев атап өтті. «Күй анасы» қорын басқаратын Төлеген Қуанышевтың айтуынша, бұл қайырымдылық жоба жас бүлдіршідерге Дина Нұрпейісованың мұрасын кеңінен тануға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында қатысушылар күйші Дина мен оның атақты ұстазы Құрманғазының туындылары орындалған концерттік бағдарламаны тамашалай алды. Сахнада «Байжұма», «Саранжап», «Баламишка», «Балбырауын», «Адай», «Науысқы» т.б. күйлерді орындалды. Ұлттық музыканың озық үлгілерін Ерлан Рысқали, Ғалым Ахмедьяров, сондай-ақ Динаның образында өнер көрсеткен Анар Мұздаханова ұсынды. Бұл концерт домбыра үнінің баршаға ортақ екендігін дәлелдей түсті. Қазақтың күй тартыс өнерін Самвел Азноварян, Мозес Зиборкеде, Сабир Гусейнов, Михаил Абуов шебер көрсете білді. Түрлі ұлттық музыкалық аспаптардың үнін жаңғыртқан «Астана сазы» ансамблінің өнері де зор ықыласқа бөленді. Белгілі әртістермен бірге сахнада «Үміт», «Шабыт» және «Бурабай» атты балалар ансамбльдері өнер көрсетіп, жаңа музыкалық челлендж бастады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, челлендж аясында әрбір видео Instagram әлеуметтік желісінде #ДинаНурпеисоваФондДегдар хештегімен жарияланып, домбырада ойнаудың онлайн жарысы ретінде ұсынылады. Челлендж өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ұлттық өнердің сақталуы мен насихатталуын арттыруға бағытталған. Жаңа музыкалық челлендж Instagram әлеуметтік желісінде 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтеді.

Жоба аясында еліміздің түрлі аймақтарында орналасқан оқу орындары қамтылды.

Өзгелердің жаңалығы