Найзағай, бұршақ: Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды

11 Маусым 2025, 23:51
755
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

"Қазгидромет" РМК ертең,12 маусым күні Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Синоптиктердің болжамынша, бірқатар өңірде найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл және аптап ыстық болады. Сонымен қатар, көптеген аймақта өрттің жоғары және төтенше қаупі сақталады.

Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Алматы, Абай және Жетісу облыстарында найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Желдің жылдамдығы кейбір аймақтарда 15-25 м/с дейін жетеді.

Қызылорда мен Қарағанды облыстарының кейбір аудандарында шаңды дауыл күтіледі. Ал Атырау, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында ауа температурасы күндіз 35-38 градусқа дейін көтерілуі ықтимал.

Өрт қаупі де алаңдатарлық деңгейде: Абай, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Қарағанды, Жетісу және СҚО секілді облыстарда жоғары өрт қаупі сақталса, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, БҚО, Ұлытау мен Абай облыстарының жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі жарияланған.

Метеорологтар тұрғындарды ауа райының күрт құбылуына дайын болуға шақырады. Ашық алаңдарда абай болу, отты абайлап пайдалану және төтенше жағдай туындаған жағдайда жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметінің нұсқауларын орындау ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы