Наурыз мейрамы: Қазақ халқының ұлттық ойындары

20 Наурыз 2022, 10:15
11302
Бөлісу:
Наурыз мейрамы: Қазақ халқының ұлттық ойындары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Наурыз – ол жаңа жылдың басталуы, күн мен түннің теңесіп, табиғаттың, қоршаған ортаның жаңа кейіпке енетін сәті. Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу кезінде отандастарымыз ұлттық музыкалық аспаптарда ойнап, ән шырқап, айтысып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейді. Сонымен қатар ұлттық ойындарымызды ойнап, келер ұрпаққа кеңінен насихаттайды.

Ұлттық ойындар – ерте ғасырдан келе жатқан қазақтың ойын-сауықтарының бірі. Бұл ұлттық ойындардың мән-мағынасы да тереңде жатыр. Мысалы, халқымыз Наурыз мейрамында «Қыз қуу», «Жамбы ату», «Арқан тартыс», «Асық ату», «Көкпар» сияқты ойындарды ойнайды.

Қазақтың ұлттық ойындар туралы не білеміз?

Алтыбақан

Алтыбақан – жастардың көңіл-көтеріп, сауық-сайран құруы үшін таптырмайтын ойын. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақанды құру үшін 3-4 метрлік 7 томар ағаш пен 3 арқан керек. Оған екі адам, әдетте, бозбала мен бойжеткен мініп, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербеледі. Тербелушілер ән бастайды да, оған жанындағы адамдар қосылады.

Бес тас

Бестас — өте көне дәуірден келе жатқан, қазақ халқының ұлт ойындарының бірі. Ол еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырларда пайда болған деп болжанады. Бұл ойынды кезінде жас өспірімдерден бастап ересек адамдарға дейін ойнаған екен. Ойынға керекті зат бес кішкентей домалақ тас немесе кейде бес асық болып келеді.

Бұл ойынның тарихы да өте ежелгі дәуірлерден басталғаны анық.

«Бестас» ойыны ойыншыны жылдамдыққа, қағылездікке, тез шешім қабылдауға үйрететін, тарихы сонау ежелден басталатын таспен ойналатын ойынның «бестас» аталу себебі ойында бес тастың пайдаланылуымен байланысты.

Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «тарақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты көп кезеңнен тұрады. «Кедергі» аталатын кезеңге ойынды әбден меңгерген, епті, қағылездер ғана өте алған.

Ойын түрлері «үштік», «төрттік» деп аталады. Одан кейін «жалау» деген түрі, «нәби» сынды бірнеше кезеңі бар. 

Асық ойыны

Асық ойыны — қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар,тәйке,омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б.

Қыз қуу 

Қыз қуу – сақ дәуірінен келе жатқан ежелгі ойын. Ойын ережесі бойынша, бойжеткен атқа мініп жігіттен қашуы керек. Бозбала қызды қуып жетіп, бетінен сүюі тиіс. Жігіт қызға жете алмаса, бойжеткен оны қамшымен сабайды.

Жігіт қуу 

Жігіт қуу — ат ойыны. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. екі топтың адамдары тең болуы керек. Ойын жүргізуші арасы бір-екі шақырымдай жерден екі көмбе белгілейді. Көмбенің біреуіне таяқ шаншып, басына тұмақ кигізеді де, екіншісінде өзі тұрады. Екі топтан екі адамды шақырып, біреуінің қолына белбеу (немесе орамал) береді. Ойын жүргізушінің белгісі бойынша ойыншылар екінші көмбесе қарай шабады. Белбеу алған ойыншы екіншісін көмбеге жеткізбей қуып жетіп, ұруы керек. Енді ойынға келесі екі атты шақырылады. Қай топтың ойыншысы көбірек қуып жетіп ұрса, сол топ жеңген болып есептеледі.

Аударыспақ

Аударыспақ. Мұнда жеңіске жету үшін ептілік, күш, тапқырлық, батылдық қажет. Екі жігіт атқа мініп, бірін-бірі аттан аударып тастауға бар күшін салады. Ойын жас жігіттің мінезі мен ерік-жігерін шыңдайды.

Көкпар 

Көкпар – ұлттық ат ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Бұл жарысқа қатысу оңай емес. Өйткені салмағы 30–40 келі немесе 50–60 келі болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып, қазандығына салуы керек. Ал екінші жақ серкені тартып алуы шарт. Серкені қанжығаға байлауға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шықпыртуға, үркітуге тыйым салынады.

Көкпар жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түрі.

Арқан тартыс

Арқан тартыс. Ойынға ұзындығы 10 метрдей кендір арқан керек. Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге белгі салынады. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстайды. Төреші белгі берген сәттен-ақ екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жердегі белгіге бірінші сүйреп әкелген топ жеңімпаз атанады.

Теңге алу

Теңге алу (ілу) – ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойыншы жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алуы қажет. Ол үлкен ептілікті, шабондоздықты талап етеді. Тіпті теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі.

Ақсүйек 

Ақсүйек – қазақтың ұлттық ойыны. Жігіттер мен қыздар жиналып, айлы түнінде ашық далада ойнайды. Ойынға малдың ақсөңкелеп қураған жілігі немесе қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша пайдаланылады. Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Ойынды бастау жеребе тастау арқылы анықталады. Кейін ойын бастаушы ақсүйекті бар пәрменімен алысқа лақтырады. Жастар таяқты іздеуге кіріседі. Оны тапқан ойыншы өз серіктеріне дыбыс беріп, сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Серіктері оның тосқауылға тап болмауына көмектеседі. Қарсыластары қалайда ақсүйекті тартып алудың амалын жасап бағады. Ақсүйекті тартып алса, өздері де біріне-бірі қол жалғап, сөреге жетуге ұмтылады. Бұл тартыста ақсүйекті сөреге жеткізген топ жеңімпаз болып саналады. Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды.

Сонымен қатар ақсүйек бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер де болған. Ертеде бұл ойынынды той-томалақ жасаған үй иелері ұйымдастырған. Ондай кезде алдымен айтыс, ән-жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып, қисса-дастандар оқыған. Кейін ақсүйек ойынын ойнаған.

Жамбы ату 

Жамбы ату – ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ұлттық ойынның бірі. Ер жігіт атпен шауып келе жатып, оның екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс.

Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуы шарт. Терөшілердің ұйғарымы бойынша бірнеше нысана болады.

Ақпарат интернет беттерінен жинақталып, жасалды.

Өзгелердің жаңалығы