Наурыз мерекесі. Ұлттық арнадан не тамашалауға болады?

19 Наурыз 2019, 18:16
2692
Бөлісу:
Наурыз мерекесі. Ұлттық арнадан не тамашалауға болады?

Астана, BAQ.KZ. Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Qazaqstan», «Qazsport», «balapan», «Tamasha Tv» және аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының қатысуымен «Наурыз мерекесіне тарту» атты баспасөз-конференциясы өтті.

Брифингке «Qazaqstan» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин, «Tamasha Tv» телеарнасының директоры Есен Елеукен, «balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай және аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан қатысты.

Шара барысында телеарна басшылары Наурыз мерекесіне дайындаған арнайы жобаларымен таныстырды.

Тікелей эфирдегі телекөпір

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз еліміздің, халқымыздың ежелден келе жатқан берекелі, төл мерекесі. Бұл салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ұлықтайтын, рухани мәдениетімізді асқақтататын ерекше мейрам. Ұлттық арна осы атаулы күнді дәстүр бойынша ерекше атап өтуге тырысады. Сондықтан, алдын ала бірнеше арнайы жоба жоспарланады. Наурыздың 21-інен бастап, үш күн қатарынан адамзат тарихындағы жылқының рөлі мен Орталық Азия далаларындағы жылқының шығу тегі туралы баяндайтын халықаралық «Equus: Жылқы тарихы» атты деректі трилогияның тұсаукесері болмақ" - деді Еркін Таңатқанұлы.

Сондай-ақ, наурыздың 22-сі күні, Наурыз мерекесіне орай, ұлттық арна Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан секілді бауырлас мемлекеттермен халықаралық телекөпір арқылы байланыс орнатады.

"Әр елдегі мерекелік атмосферамен бөлісіп, сол елдердегі наурыз мерекесін тойлау дәстүрі жайлы сюжеттер мен арнайы сұхбаттар ұсынатын боламыз. Сонымен қатар, мереке күндері «Күннен туған бала...», «Амал айшықтары» секілді деректі сипаттағы арнайы жобалар үш күн қатарынан эфирге шығады. Тағы бір ерекше айта кететін ақпарат – биыл біз «Наурыз-думан» атты арнайы жоба жоспарлап, эфирге әзірледік. Ұзақтығы 2 жарым сағатқа созылатын жаңа жоба Наурыз мерекесіне орай көрермендерге арнаған үлкен тартуымыз. Мерекелік концертіміз бірнеше сюжет желісімен өріліп отырмақ. Қазақ өнерінің жарық жұлдыздары сол кеште өнер көрсетеді. Бұл өз жаңа-жылымызды ұлықтаудың бір көрінісі деп кесіп айта аламыз»,- деді Еркін Мұхамеджанов.

«Qazsport» - GGG мен Канелоның жекпе-жегін қайта ұсынады

Ал, «Qazsport» телеарнасы мейрам күндері тікелей эфирде футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын, бірқатар қызықты бағдарлама, деректі фильмдер мен спорт саңлақтарының сұхбаттарын көрсететін болады. 

«Көрермендеріміз 21 наурыз күні  ХХІХ қысқы Универсиада ойындарының қола жүлдегері Жанбота Алдабергеннің «Qazsport» қонағы бағдарламасындағы сұхбатын, одан бөлек бірнеше деректі фильм, атап айтқанда: аты аңызға айналған қазақ қақпашысы Құралбек Ордабаев жайында - «Қазақтың №1 қақпашысы», қазақ боксының дамуына үлкен үлес қосқан жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов туралы - «Болмысы бөлек бапкер», ал  22 наурызда талантты былғары қолғап шебері, 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов жайында «Дарабоз», халықаралық «Атлант» фестивалінің жеңімпазы атанған «История маленькой русалки» деректі фильмдерін тамашалай алады. Ал, 23 наурыз күні «Абсент - Олимпийский чемпион из казахских степей!» атты деректі фильм көрсетіледі. Бұл фильмде қазақ жерінде дүниеге келген, аты аңызға айналған, асыл тұқымды ахалтеке – Абсенттің жетістіктері баяндалады. Алматы ипподромын әлемге паш етіп, даңқын асқақтатқан жылқыға Луговое жылқы зауытында ескерткіш орнатылды" - дейді Павел Цыбулин.

 Одан басқа, 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасының Шотландиямен кездесуі тікелей эфирде өтеді.  

"Айта кетейін, «QAZAQ PROMOTION» атты кәсіпқой бокс кешін де көрсететін боламыз. Футбол сүйер қауым үшін жағымды жаңалық: Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі тартысты, әрі қызықты матчтар «Реал Мадрид»-«Аякс» және «ПСЖ» мен «Манчестер Юнайтед» арасындағы матчтарды қайталаймыз. Атырау қаласында өткен «M-1 Challenge 100» аралас жекпе-жек турнирін көрсетеміз. Ал, 24 наурызда кәсіпқой рингте қазақтың атын шығарып жүрген саңлақтар – Жәнібек Әлімханұлы мен Садриддин Ахмедов жекпе-жектерінің қайталауларын ұсынамыз. Сонымен қатар, футболсүйер қауым «EURO 2020-ға» іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасы мен Ресей арасындағы матчты тікелей эфирде көретін болады», - деді ол.

 Кішкентай көрермендерге арналған «balapan» телеарнасы, осы көктемгі телемаусымда көрермен назарына  барлығы 22 жоба ұсынды. Оның  ішінде 6-ы ішкі өнім, ал 10-ы шетелдік үздік анимациялар мен деректі фильмдер топтамасы, 3 телехикая және 3 You Tube-қа арналған жобалар.         

Балапандағы "Бұқа тартыс"

"Биыл балалар арнасында тұңғыш рет таңғы бағдарлама жарыққа шықты. Ойын-сауық және ақпараттық бағыттағы «Таңжарық» хабарын кішкентай көрермендер сенбі және жексенбі күндері тамашалай алады. Ал «Баламен сұхбат» бағдарламасында балалар елімізге белгілі, өмірі мен еңбек жолы ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалармен әңгіме-дүкен түрінде сұхбат құрады. «balapan» арнасы биыл 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай, арнайы мерекелік жобалар да дайындады. Телеарнамен үнемі шығармашылық байланыста болып, белсенділік танытқан Елорда мектептері арасында «Наурыз-думан» атты ұлттық ойындар өткізілді.  Мұнда 8-9 жасар мектеп оқушылары «Бұқа тартыс», «Күй тартыс», «Қазақша күрес», «Жамбы ату», «Асық ату» сияқты ұлттық ойындар бойынша сайысқа түсті. Бұл жобаның телевизиялық нұсқасы мереке қарсаңында эфирден көрсетіледі", - дейді Мақпал Жұмабай.

Сондай-ақ, жоғарыда атап өткен ішкі өнім жобаларының да мерекелік шығарылымдары болады. 

"Студиялар мерекеге сай ұлттық үлгіде безендіріледі. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып барынша насихатталады. Ерекше атап өтерлігі, «Таңжарық» бағдарламасында еліміздегі «ең күшті бала» атанған, 6 жасар рекордшы Бекмансұр Тимурұлы жүргізушілермен асық атып сайысады. Ал аспаз балақайлар ұлттық тағам түрлерін дайындап, өз шеберліктерін ортаға салады. «Bala Time» хабарының арнайы қонағы, Майра Ілиясова студиямызға келген кішкентай көрерменнің тұсауын кесіп, бағдарламада ұлттық дәстүрімізден үзінді көрсетіледі. «Баламен сұхбат»  бағдарламасында белгілі этнограф Жамбыл Артықбаев балаларға халқымыздың ұмыт бола бастаған көне ойындарын үйретіп, салт-дәстүрден сыр шертеді. Сонымен қатар, демалыс күндері «Белльдің таңғажайып әлемі»  және «Сұлу мен құбыжық» атты толықметражды анимациялық фильмдер көрермен назарына  тұңғыш рет қазақ тілінде  ұсынылады», - деді телеарна директоры.

  «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін аймақтық телеарналар да наурыз мерекесіне  орай бірқатар арнайы жобалар дайындағанын атап өтті.

Аймақтардағы "Нұр жауған Наурыз"

Аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан бірнеше жобаларға тоқталды.

«2019 жылдың 22 наурызында Ұлыстың ұлы күнінде Корпорацияның аймақтық арналарында бір мезгілде көктемгі жаңа телевизиялық маусым басталады. Аймақтық телеарналарды қосып алғанда, барлығы 61 жаңа бағдарлама эфирге жоспарланған болатын. 22 наурыз күні «ALTAI», «OŃTÚSTIK», «AQTÓBE», «MAŃǴYSTAÝ» арналары «QAZAQSTAN» ұлттық арнасына тікелей эфирде қосылып, аймақтағы Наурыз мерекесінің тойлануы туралы қызықты мәліметтер мен сюжеттер береді.  Жалпы, Ұлыстың ұлы күніне байланысты аймақтық арналар 56 телевизиялық жоба дайындап отыр. «SARYARQA» арнасы «Наурызым», «QOSTANAI» арнасы «Ауылға барам» атты 2 қысқа метражды фильм түсірді. Ал, «ATYRAÝ» телеарнасы «Нұр жауған Наурыз» атты Ресейдің Астрахань, Әзербайжанның Гянжа қалалары арасында еларалық телекөпір өткізеді", - дейді аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан.

2018 жылдың 1 қыркүйегінен хабар тарата бастаған «Tamasha tv» арнасының директоры Есен Елеукен де бірнеше жаңалығымен бөлісті.

«Tamasha tv-ға» Көпен келе жатыр

«Жаңа маусым аясында биыл көрермендерімізге 14 жоба тарту етпекпіз. Алғашқы 8 жоба наурыз айында шықса, қалған 6 жобаны сәуірге жоспарлап отырмыз. Олардың барлығы дерлік жаңадан шығып жатқан бағдарламар, әрине әзілге қатысты. Сондай-ақ, ойын-сауықтық бағдарламалар да бар. Ең басты үлкен жобаларымыздың бірі «Тамаша Club», әзілге қатысы бар жастардың әртүрлі образдағы қысқаша қойылымдардан құралған скетч-шоу. «Бір ғанибет» жобасын да ерекше атап өткім келеді, біздің белгілі аға-әпкелеріміз өздерінің басынан өткен әзілге толы қызықты оқиғаларымен  бөліседі. Сондай-ақ, жалпы қазақ сатирасына, қазақ әзіліне, қазақ қалжыңына қатысты өмірден өткен жандарға арналған «Әзіл-Дастан» жобасы шығатын болады. Бұл жобаны танымал сатирик - Көпен Әмірбек жүргізеді", - деді Есен Елеукен. 

Ал, «Тауып көр» танымдық бағдарламасына қарапайым адамдар қатысады. Олар өздеріне берілген 4-5 тапсырма арқылы кіммен сөйлесіп отырғанын тауып алуға тырысатын болады.

"Әзіл сүйер көрермендерге айта кетейін, «Тamasha tv» арнасын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Qazaqstan tv» мобильдік қосымшасы арқылы көруге мүмкіндік туып отыр. Қазіргі таңда қосымшаны андроид нұсқаларында жүктеп алуға болады, жақында IOS-қа да қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, бағдарламалардың бәрін tamashakz.tv сайты арқылы тікелей эфирде көруге болады. Ал, алдағы сәуір айларында еліміздің барлық кабельдік операторларына толық қосылады. Қазіргі кезде «Отау Тв-дан» шығып жатырмыз. Жақында ID TV мен Алма Тв-ға  толық қосыламыз деген ойдамыз» - дейді «Tamasha tv-ның» басшысы.

Өзгелердің жаңалығы