"Наурыз" ипотекасы: 1 мамырдан бастап кім баспаналы бола алады

5 Сәуір 2024, 17:33
16805
Бөлісу:
"Наурыз" ипотекасы: 1 мамырдан бастап кім баспаналы бола алады
Фото: pixabay.com

Елімізде 1 мамырдан бастап “Наурыз” бағдарламасы іске қосылады. Жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттары қандай? Кім қатыса алады? BAQ.KZ тілшісі түсіндіріп көреді.

“Наурыз” бағдарламасының операторы - Отбасы банк. Бүгін банк өкілдері қазақстандықтарға бағдарламаның шарттары жайлы айтты.

Тоқаев тапсырмасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында баспана мәселесін шешуді тапсырған еді.

Тоқаев биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған "Отау" ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтты.

Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады, - деп Президент тапсырма берген болатын.

Неге бағдарлама “Наурыз” деп аталды?

Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Атырауда 14 наурызда өтті. Отырыста Тоқаев Үкіметке баспана мәселесін шешетін бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Отбасы банк өкілдерінің айтуынша, осы себептен де бағдарлама “Наурыз” деп аталып отыр.

“Наурыздың” шарттары қандай?

- несиенің максималды сомасы әлі нақтыланған жоқ (“Отау” бағдарламасынан жоғары болуы мүмкін);

- салымның ең төменгі сомасы 1 000 000 теңгеден кем емес;

- халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары (көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер және т.б.) үшін сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызды, ал қалған салымшылар үшін жылдық 9 пайыз болады;

- бастапқы жарна сомасы – 20 пайыз;

- несие мерзімі - 19 жылға дейін;

- Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үйді сатып алуға рұқсат етілген. Басқа аймақтарда екінші нарықтағы баспанаға рұқсат етілген;

- соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлігі жоқ адамдардың ресми кірісі болуы керек.

“Наурыздың” “Отау” бағдарламасынан айырмашылығы қандай?

- “Наурыз” бағдарламасында Отбасы банкте ашылған депозиттің мерзімі маңызды емес. Мысалы дәл қазір ашып та, бағдарламаға қатысуға болады.

Бағдарламаға кім қатыса алады?

- жұмыс істейтін жастар

- жас отбасылар

- тұрғын үй төлемдерін алушылар

- банк салымшылары

- моноқалалар, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде жинақтау талаптарынсыз тұрғын үй алу кезегінде тұрғандар

- студенттер

- бюджеттік сала қызметкерлері

Бастысы бағдарламаға қатысушылардың және олардың жақындарының (мысалы әйелі, күйеуі, 18-ге толмаған балалары) атында жылжымайтын мүлік болмауы керек. Егер қатысушының атында жер учаскесі, гараж сияқты жылжымайтын мүлік болса, онда ол бағдарламаға қатысу мүмкіндігінен айырылады. Азаматтың атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы керек.

Өтініштер қалай қабылданады?

Өтініштер Отбасы банкінің Baspana Market порталында қабылданады. Өтініштер қабалданғаннан кейін қатысушының ұпайларын есептей жүргізіледі. Депозиттегі мемлекеттік сыйақы көлемі, балалар саны – барлығы ескеріледі.

Бағдарлама өтініш қабылдау мамырдың басында басталып, шамамен екі айға созылады.

Өтініштерді қабылдап болғаннан кейін банк қатысушылардың ұпайларын санап, баспанаға мұқтаж жандардың тізімін шығарады.

Өзгелердің жаңалығы