Нарықта азық-түлік қоры жеткілікті ме? Қарашөкеев жауап берді

15 Наурыз 2022, 09:54
1413
Бөлісу:
Нарықта азық-түлік қоры жеткілікті ме? Қарашөкеев жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша қойылған сұрағына жауап берді.

Ербол Шырақпайұлы әлеуметтік желілерде бірқатар азық-түлік өнімдеріне, әсіресе қантқа деген сұраныстың күрт өскені туралы ақпарат таралып отыр. Нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша айтып беріңізші, -деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов отырыс барысында.

Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев негізгі іс-шараларға тоқталып кетті.

Мәселен, үш жыл ішінде майлы дақылдар алаңдарын 3 млн гектардан 3,5 млн гектарға дейін, картоп алаңдарын   200 мың гектардан 215 мың гектарға дейін, жемдік дақылдарын 3,6 млн гектардан 4,2 млн  гектарға дейін ұлғайту жолымен өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізілетін болады, - деді ол.

Сонымен қатар Е.Қарашөкеев үш жыл ішінде ІҚМ басы 9 млн басқа дейін, ұсақ мал 20,1 млн басқа дейін, жылқы басы 4 млн басқа дейін  ұлғайтылатынын айтты.

Картопты, көкөніс пен жеміс сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру 2022 жылы сақтау қуатын 98,3 мың тоннаға, 2023 жылы – 104,5 мың тоннаға, 2024 жылы – 19,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, осы бөлімде азық-түлік тауарларын импортты алмастыру, АӨК өнімін өндіру мен тұтынудың нақты және болжамды теңгерімінің талдауы бойынша шаралар көзделген, -деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар министр қазіргі таңда 90 мың тоннадай қант бар екенін айтты.

Оның ішінде тұрақтандыру қорларында, сауда обьектілерінде, қоймаларда 38,2 мың тонна қант бар. Зауыттардағы шикі қантты есепке алатын болсақ, 20 мың тонна дайын қант, 20 мың тоннадай шикі қант бар. Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Одан басқа Қазақстан Республикасының 31 тамызға дейін 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелуге құқығы бар. Ол квоталар қазір бөлініп жатыр. Сыртқы нарықтағы сауда қызметіне қатысушылар осы қантты әкелу жұмыстарын бастап кетті. Жақын арада әкеле бастайды, -деп атап өтті Е.Қарашөкеев.

Өзгелердің жаңалығы