Нартай Аралбайұлы: Қазақ жастары Еуропада пияз теріп ақша тауып жүр

27 Маусым 2023, 16:12
4204
Бөлісу:
Нартай Аралбайұлы: Қазақ жастары Еуропада пияз теріп ақша тауып жүр
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жастар жұмыссыздығы туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақта "Қолыма жұмыс бергенің —жаныма тыныс бергенің" деген сөз бар. Бірақ қазір Қазақстан халқының тынысы тарылып, қыларға қызмет таппай жүр. Себебі жұмыссыздық деген жегі құрт барлық салаға дендеп енді, тәжірибелі маман болсын, енді ғана ЖОО-ын тәмамдаған адам болсын екі қолға бір күрек таппай қиналады. Дей тұрғанмен біздің елдегі статиска деген құдырет өтіріктен өрнек тоқуды доғармай тұр. Соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді. Бұл тек жұмыспен қамту орталығына арнайы өтініш бергендердің есебінен шыққан дерек екенін құзырлы орындар ескермейді. Салдарынан Қазақстан халқының көбі жалықысы жақсы, табысы тәуір жерде қызмет қылып жатқандай көрінеді. Ағайынды осындай жалған деректер әбден ашындырып болды, - деді ол.

Оның айтуынша, жұмыссыздық енді ғана еңбек нарығына шығатын жастардың да уайымына айналды.

"Оқу грантын көбейттік" деп көп есеп беретін билік, сол мамандар ЖОО-ын тәмамдағанда қайда барып қызмет қылатынын тіптен ойламайды. Нақты дерек, 2025 жылы мемлекеттік білім гранты 75 мыңға жетпек. Оған ақылы оқитын жүздеген мың студентті және қосыңыз. Бірақ осынша маманды жұмысқа қабылдайтын еңбек нарығы бар ма? Табақтай диплом ұстаған жастар ертең қайда барып қызмет қылады? Қазақстандық жастардың 40 проценті мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ЖОО түлектерінің 30 проценті бірден жұмыс таба алмайды, - деп атап өтті депутат.

Ол мәселемен күресудің орнына салалық министрлік бір реттік грант, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, жастар практикасы деген науқандық шаралармен ғана жүргенін де айтты.

Жастар елдегі жұмыс күшінің 40 пайызын құрайтынын ескеріп, Үкімет оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешкенде Қазақ жастары Кореяға қара жұмысқа кетпес еді, Еуропаның даласында пияз теріп ақша тауып жүрмес еді. Қазір елімізде 6 миллионнан астам жас адам бар. NEET жастардың саны 422 мыңға жетті. Олармен де нақтылы жұмыс жасалып жатқан жоқ. Бір реттік кей жобалардың нәтижесін білу тіптен қиямет. 2022 жылы Ұлттық қордан "Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі" Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға грант беруге 69,2 миллиард теңге бөлінген. Бірақ оның 6,9 миллиард теңгесі игерілмеген. Бұл да жұмысты жүйелеуде кеткен қателік. Ең қызығы, Жоғары аудиторлық палата жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес идеяларды іске асыруға гранттар беру және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға гранттар беру іс-шарасының нәтижесін бағалау мүмкін емес депті. Нәтижесін бағалау мүмкін болмаса Ұлттық қордан несіне қыруар қаржы бөлінді? - деп сұрады.

Осылай деген депутат премьер-министр Әлихан Смайыловтан заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтетінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы