Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Нанды ең көп жейтін өңір анықталды

19 Маусым 2025, 18:07
21597
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

2025 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар азық-түлік өнімдерін өткен жылмен салыстырғанда көбірек тұтынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросы 12 мың үй шаруашылығы арасында жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижелерін жариялады.

Азық-түлік тұтыну көлемі барлық негізгі топтар бойынша өскені байқалды. Ең жоғары өсім жеміс-жидек (+3,5%) пен балық және теңіз өнімдері (+2,2%) санатында тіркелген.

Орта есеппен бір адам бір айда мынадай көлемде азық-түлік тұтынған:

  • картоп – 3,7 кг;
  • 1-сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан – 2,3 кг;
  • сиыр еті – 2 кг;
  • алма – 1,6 кг;
  • құмшекер – 1,5 кг;
  • күріш – 1,3 кг;
  • шикі сүт – 0,9 литр;
  • жұмыртқа – 17,1 дана;
  • макарон өнімдері – 0,9 кг;
  • жаңа ауланған немесе салқындатылған балық – 0,6 кг.

Өңірлік айырмашылықтар да анық байқалады.

Нан өнімдері мен жармаларды ең көп тұтынатын өңір – Түркістан облысы (жан басына шаққанда айына 14,1 кг), ал ең төменгі көрсеткіш – Маңғыстау облысында (7,9 кг).

Балық пен теңіз өнімдерін Шығыс Қазақстан тұрғындары көп тұтынады (1,7 кг), ең аз тұтыну Шымкентте тіркелген – 0,5 кг.
Көкөніс тұтынуы Түркістан облысында жоғары (7,3 кг), ал ең төменгі деңгей Абай облысында байқалды – 4,5 кг.

Ұлттық бюроның түсіндіруінше, орташа жан басына шаққандағы тұтыну – үй шаруашылығындағы бір адамның белгілі бір мерзімде тұтынған азық-түлік өнімдерінің нақты көлемін көрсетеді. Бұл көрсеткіш азық-түліктің барлық мүшелерге бөлінуі арқылы есептеледі. Сонымен қатар, ірілендірілген топтар бойынша тұтыну көлемі бастапқы өнімге қайта есептелу арқылы анықталады.

Өзгелердің жаңалығы