Нұрлы көш ауылына 280 орындық балабақша салынады

15 Наурыз 2019, 21:43
4070
Бөлісу:
Нұрлы көш ауылына 280 орындық балабақша салынады
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудың іргесіндегі Нұрлы көш ауылында жаңа балабақша бой көтереді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев ауылдың бастамашыл топ өкілдерімен өткізген көшпелі жиын барысында мәлімдеді. 

Бүгінгі күні Нұрлы көштегі 274 үйде 1349 адам тұрып жатыр. 194 бала мектепте оқиды, 192 бүлдіршін балабақшаға барады. 80-ге жуық жас жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқып жатыр.

«Красный яр мен ықшам аудан арасында 280 орындық балабақша құрылысына арналған орын таңдалды. Былтыр 3 млн теңгеге жолдарды тегістеу жұмыстары жүргізілді. Биыл №13 автобус маршруты қатынайтын жолға асфальт төселетін болады. Жолаушылар легінің көптігін ескере отырып, қоғамдық көлік қозғалысының жиілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, жер үйлер арасындағы жолдар тегістеліп, қиыршық тас төселеді», – деді әкім Ермек Маржықпаев.

Нұрлы көш ауылына 280 орындық балабақша салынады

Қала басшысы сапар барысында тұрғындар мен жергілікті биліктің көктемге дайындығын тексерді. Тау-тау боп үйілген қар әлі ери қойған жоқ. Тұрғындардың барлығына алдын ала ескерту жасалған.

«Қазіргі уақытта 1500 текше метр қар шығарылды. Бәрі енді ауа райына байланысты. Қар бірден ерісе қиын болады. Өткен жылдары біраз қиындық көрдік. Үйдің маңайын қардан тазарту, арықтарды ашу керектігін біледі жұрт. Ағынды су өтетін құбырлар, өткелдер мен жыралар қардан, көң-қоқыстан тазартылуда»,–дейді селолық округ әкімі Нұрлан Айсин.

Бағдарлама бойынша алғаш қоныс аударғандар 2009 жылы Красноярдың іргесіндегі «Нұрлы көш» ауылынан баспаналы болған. Алайда салынғанына он жыл болған үйлердің сапасына көпшіліктің көңілдері толмайды.

«Үйлердің сапасыз салынғандығы өтірік емес. 2012 жылы қайтадан жөндеу жұмыстары қолға алынды. Үйлердің жыртық-тесігі жамалды. Басында жоспарланған макет бойынша бұл үйлерге қосымша, қойма, гараж, сарай салынуы тиіс еді. Оның бірде біреуі жоқ. Кейбір үйлердің қабырғалары құлағалы тұр. Көп адамдар жөндеу жүргізуге біраз қаражат жұмсады. Өзім тұратын үйдің қабырғалары қатты аяздарда жарылып кетті», – дейді ауыл тұрғыны Көшербай Сейітқали.

Осындағы жұртшылықты алаңдатып отырғаны тұрғын үйлерді жекеменшікке өткізу мәселесі болып отыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне үңілсек, 2009 жылдан бері тұрғын үйлердің жалдау құны төленбеген. Қазіргі уақытта тұрғындардың қарызы 65 687 467 теңгеге жеткен.

«2009 жылы бұл үйлер республикалық бюджет есебінен салынды. Алайда бұл үйлердің көбінің сапасы сын көтермейтінін білеміз. Осы орайда ҚР Үкіметіне жіберілетін құжаттар әзірленді.  Жан-жақты зерттеуді және қаражатты қажет ететіндіктен, мәселе үкімет деңгейінде шешімін табуы тиіс»,  – деді әкім.

Осында мал шаруашылығын дамытуды қолға алғысы келетін жандар көп. Селода 500-дей ірі қара, 1 мыңдай қой, 50 бас жылқы бағылады. Алайда жайылым жердің тарлығынан мал өсіруге мүмкіндік болмай отырғанын айтады ауыл тұрғындары.

Красный яр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсиннің айтуынша, тұрмысы төмен отбасылардың жайы үнемі назарда.

«Ауылда 653 адам жұмыспен қамтылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары аясында 9 адам мал шаруашылығын дамыту, тігін цехын ашу, құрылыс материалдарын өндіру үшін 36 млн теңге несиеге қол жеткізді. Былтыр 17 отбасына 2 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі төленді. Жағдайы төмендерге мүмкіндігінше көмек жасап, шаруа қожалықтары арқылы отын-су, шөптен көмек жасалады. Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласы да оңтайлы ұйымдастырылған. Фельдшерлік-акушерлік пунктте тұрғындардың денсаулығы жіті қадағаланады», - дейді Нұрлан Айсин.

Өзгелердің жаңалығы