Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 4-5 ақпанда ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионы анықталады.
Бүгінгі жарысқа әр өңірден келген спортшылармен қатар, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады.
Олардың арасында 2018 жылғы Әлем чемпионы Олжас Оразалыұлы, бүкіләлемдік ойындардың және Әлем кубоктарының жүлдегері Әнуар Сәриев, 2019 жылғы Азия чемпионы Дәулет Теміржан және 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия пара ойындарының қола жүлдегері Азамат Тұрымбетов бар.
Бүгінгі ел чемпионаты екінші рет өтіп жатыр. 2016 жылы Қызылордада бірінші рет өткен болатын. 58 спортшы қатысып жатыр. Жылдан жылға қатысушылар көбеюде. Қатысушылардың арасында әлем чемпиондары, Азия чемпиондары, жүлдегерлері бар. Дайындығы өте жақсы. Бүгінгі жеңімпаздар мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары осы айдың 21-і күні Грузияның Тбилиси қаласында Әлем кубогіне барады. Сол жерде бақ сынайды, - деді ҚР пара дзюдодан бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов.
Бас жаттықтырушының айтуынша, елімізде жыл сайын пара дзюдоға қызығушылардың саны артып келеді. Ал, өзі дзюдодан пара дзюдаға ауысқан маман. Оған жаттықтыратын спортшысының жарыс барысында алған жарақаты әсер еткен.
2012 жылы менің оқушым Әнуар Сәриев көлік апатына түсіп, көзінен жарақат алған. 2014 жылы сол кездегі ҚР дзюдо күресінен мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов осы спортқа шақырды. Сөйтіп, сол жылы төрт спортшымыз бірінші рет әлем чемпионатына дайындадық. Бірақ төрт балуанның біреуі - Әнуар Сәриев қана квалификациядан өтті. Үшеуі өтпей қалды. Сол кезден бастап, паралимпиада спортына келдік. Содан соң Әнуар Сеулде өткен чемпионатына қатысып, жүлделі үшінші орын алды. Оған дейін бесінші, жетінші орын алып жүрген. Сол ұпайларын жинап, Қазақстаннан Паралимпиада ойындарына дзюдодан жолдама алған алғашқы спортшы болды. Солайша, екеуміз пара дзюдоға келдік, - деп жалғастырды сөзін бас жаттықтырушы.
Пара дзюдоға қатысушылар халықаралық стандарттарға сай үш топқа бөлінеді.
В1 - көзі мүлдем көрмейтін палуандар, В2 - көзі нашар көретін палуандар, В3 - одан сәл жақсы көреді. Бірақ нашар көретін палуандар. Ал күрескен кезде татамиге салмағына қарай шығады. Бұл күрестің ерекшелігі - екі балуанды қол мен жаңадан бір-бірін ұстатып қояды, содан кейін "баста" деген командамен күресе бастайды. Сосын екі палуан ажырағанша не лақтырғанша күресе береді, - деді Жандос Қиянов.
Бүгінгі жарыс төмендегі салмақ дәрежесі бойынша өтеді:
Ерлер: -60 кг, -66 кг, -73 кг
Әйелдер: -48 кг, -52 кг, -57 кг, -63 кг, -70 кг, +70 кг
Ерлер: -81 кг, -90 кг, -100 кг, +100 кг
Әйелдер: 63 кг, -70 кг, +70 кг