Нұр-Сұлтанда «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы іске қосылды

25 Қыркүйек 2019, 03:43
1591
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Мұрат Шәкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанынан жарақаттану және еңбекақы мәселелері жөнінде жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына прокуратура, Қалалық полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Еңбек инспекциясының қызметкерлері кіреді.

«Қауіпсіз еңбектің» басты міндеті – елордада өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік ауру-сырқаулардың, өндірісте адам өлімімен аяқталатын жазатайым жағдайлардың деңгейін азайту.

Өндірістік жарақаттануды ескерту және алдын алу шеңберінде мемлекеттік инспекторлармен шаралар қолданылатынына тоқталған Мұрат Шакенов соңғы кездері қауіпсіз еңбек бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік инспекторлардың кездесулер мен семинарларды тұрақты өткізе бастағаны, жалпы осындай түсіндіру жұмыстарының өндірістік жарақаттануды, өндірісте адам өлімімен аяқталатын жағдайларды азайтып, еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсартуға пайдасы мол екенін баса айтты. Биыл мемлекеттік еңбек инспекторларымен 84 алдын алу іс-шарасы өтіп, ол 2000-нан аса адамды қамтыған.

Айта кету керек, халықты ақпараттандыру аса маңызды болғандықтан, еңбек инспекциясымен әлеуметтік бейне роликтер әзірленуде. Мысалы, қауіпсіздік техникасы нормаларын сақтау қажеттілігі туралы қаланың LED экрандарында көрсетілуде. Яғни еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру барысында қауіпсіздік техникасы нормалары сақталмау салдары фото-бейне материалдарынан тұратын көрнекіліктердің әсері мол. Бұл бағытта «Биай групп», «Базис А» сияқты ірі құрылыс компанияларының тәжірибелері қолданылуда.

Осы қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың кесірінен 2019 жылдың өткен кезеңі ішінде еңбек инспекторларының талаптары негізінде Нұр-Сұлтан қаласының 8 құрылыс және өндірістік нысандарында жұмыс тоқтатылып, материалдар сотқа жолданған.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев орын алған қайғылы оқиғаларды тексеру нәтижесінде травматизмнің басты себебі жұмыс берушілердің салғырттығынан болып отырғанын айтады.

Оның айтуынша, жұмыс берушілер жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған, қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігін түсіндірмеген, қолданыстағы техникалары ескірген. Осыдан келіп жауапсыздық орын алған.

«Астаналық кәсіподақ жанынан ашылған медиация (ымыраласу) орталығында әділдік іздеп келген жұмысшыларға медиациялық көмек көрсетеміз. Жыл басынан бері орталыққа 5 мың адам шағымданып, оның 2 пайызы ғана (100 адам) сотқа жүгінді. Қалғандары өз мәселесін толық шешті», – деген Тастанбек Есентаев бұл мәселеде басты мақсат – еңбек адамының мүддесін қорғап, еңбек шартына сәйкес әрекет ету екендігін айтты.


Өзгелердің жаңалығы