Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтіп жатыр.
Жақын елдерден жиналған жас ғалымдар «Ұлы дала жастары: тарихи миссиясы және болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру» атты халықаралық ғылыми конференцияда Қазақстандағы жастар саясатын іске асырудың тарихи, әлеуметтік-экономикалықғ ғылыми-білімділік, тәрбиелік, мәдениеттану, әлеуметтану, саяси, құқықтық және тағы басқа қырлары талқыланды.«Мемлекет тарихы институты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорымен бірлесіп ғылыми конференцияны Тұңғыш Президенттің Жастар жылына орай берген тапсырмасына сай ұйымдастырылып отыр. Біздің институт шетелдік ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Міне, бүгінде осы ғылыми конференцияға шет елдерден 11 ғалым шақырылды. Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Украина және Белорусь мемлекеттерінен жастардың жан-жақты саласын зерттеу бойынша шақырдық. Шақырылған ғалымдардың ішінде жастар ғылымы, орта ғасырлардағы жастар мәселесі және тағы басқа кезеңдегі басқа да мәселелерді зерттеп жүрген ғалымдар жиналды. Сонымен қатар жиналған ғалымдар арасында мастер кластар өткізіледі. Ғылыми конференцияға 140-тан астам адам тіркелді. Яғни ауқымы үлкен шараға қатысушылар саны көп. Қазақстаннан бүгін 17 ғалым келді. Енді жастар саясаты, жастардың мәселесі, заманауи жастар, олардың көзқарасы және тағы басқа маңызды мәселелерді ғалымдар талқылайды», - деді Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Николай Ватмин.
Конференция жұмысына Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Қазақстандағы шетелдердің дипломатиялық миссияларының басшылары, Үкіметтік емес, республикалық жастар ұйымдарының өкілдері де қатысып отыр.
Өзбекстаннан келген тарих ғылымдарының кандидаты Камола Саипова ұлтаралық қатынасты зерттеп жүр екен. Бүгінгі конференция жас ғалымдарға жақсы тәжірибе болады дейді ғалым.
«Бүгінгі конференцияны екі елдің Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі өрбітіп, әлемдік масштабта қолға алынған шаралардың жалғасы деп айтуға болады. Сонымен қатар, жас ғалымдар үшін тәжірибе алмасуға көп септігін тигізеді. Конференцияда өзімнің тақырыбыма сай баяндама жасаймын. 2011 жылы ұлтаралық қарым-қатынас туралы кандидаттық дисертациямды қорғадым. Бүгінде сол тақырыбымды тереңірек зерттеп келемін. Толығырақ айтсам, 90 жылдарға дейінгі ұлтаралық қатынасты зерттеймін. Өзбекстандағы өзге ұлттардың тарихы, қалай департацияланды дегенді қарастырамын. Қазақстан мен Өзбекстан территориясы департация зонасы болғанын білесіз. Департациямен келген ұлттарға олар қандай көмек көрсетті, қалай қарсы алды т.б. тереңірек баяндаймын», - деді Ташкент қаласындағы Мирза Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті Тарих факультеті кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Камола Саипова.
Мәскеуден келген Сабира Юсупова Қазақстанның жастар саясатына мән бергенін ерекше атап өтті.
«Мен Орталық Азия жастарының тарихын зерттеймін. Бүгінгі Ұлы дала жастары: тарихи миссиясы және болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру» атты конференцияда аса өзекті әрі қызықты тақырыпта баяндама оқимын. Негізі өсіп келе жатқан жас буынның ғылымға ден қоюына, әлемді қабылдауында, ұлтаралық байланыстырды қалыптастыру мен мәдени қарым-қатынасты нығайтуда рөлі зор. Сондықтан менің зерттеуім конференцияның мақсатына сай келеді. Осында жиналған басқа жас ғалымдардың баяндамасын тыңдап, пленарлық отырыстарда талқылаймыз. Бұл – біздің тәжірибеміз үшін өте қажет. Сондықтан жастарға аса мән берген Қазақстанның бастамасын басқаларға үлгі боларлық деуге негіз бар», - деді Мәскеудегі Мемлекеттік академиялық гуманитарлық ғылымдар университетінің аспиранты Сабира Юсупова.
Башқұртстаннан келген Ирандык Байназаров Совет үкіметі кезіндегі қала өмірін зерттейтінін айтып, бүгін сол тақырып аясында баяндама жасайтынын жеткізді.
«Башқұртстаннан келдім. Менің зерттеулерім Совет үкіметі кезіндегі Башқұртстанның қалаларына арналады. Атап айтқанда, Башқұртстанның 1945-1980 жылдарындағы қаладағы кәсіпорын, миграция, халық тұрмысын және т.б. зерттеймін. Міне, бүгінгі конференцияда қаншама жас жиналып отыр. Қазақстанда жастар саясатын қолдап жатқанын көріп отырмыз. Біз бір-біріміздің ғылыми баяндамаларымыз арқылы керегімізді аламыз. Жақсы тәжірибе болады», - деді тарих ғылымдарының кандидаты, РФ Башқұрстан мемлекеттік университеті БР тарихы, археологиясы және этнологиясы кафедрасының доценті Ирандык Байназаров.
Түркиядан келген тарих ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманәлиева жастардың қоғамдық сананы жаңғыртуда тарих ғылымының рөліне тоқтаталып, баяндама жасайды.
«Мемлекет тарих институты ұйымдастырып жатқан халықаралық конференцияға екінші рет келіп отырмын. Бұрын 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығана арналған конференцияға келіп едім. Бүгінгі «Ұлы дала жастары» деген тақырыптағы конференцияның маңызы зор. Өйткені, жастар – біздің келешегіміз, болашағымыз. Жеке өзімнің тақырыбыма келер болсақ, жастардың қоғамдық сананы жаңғыртуда тарих ғылымының рөліне тоқталамын. Себебі тарихымызды білмесек, келешегімізді бағдарлай алмаймыз. Сондықтан жастарды тарихты үйренуге баулу керек деп есептеймін», - деді Түркиядан келген тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Анкарадағы Кажыбайрам университетінің ұстазы Гүлжанат Құрманалиева.